Үндістанда сегіз аяқ-қолы бар сәби өмірге келді
НЬЮ-ДЕЛИ. 21 қаңтар. Үндістанның шығысында төрт қолы, төрт аяғы бар нәресте өмірге келді. Бұл туралы РЕН ТВ хабарлады.
Таңғаларлық оқиға Садар ауруханасында орын алған. Өмірге өзгеше шарананың келгені жайлы хабар заматында маңайға тарай жөнеледі. Содан кейін жергілікті тұрғындар шұбырып келіп, оны көруге асығады. Олар нәрестені индуизмнің әлдеқандай бір құдайларының бірінен пайда болған деп санайды. Мәселен, құдай-ана Дургадан. Рас, оның бұдан алты қолы артық болыпты.
Daily Star газетінің хабарлауынша, жергілікті тұрғындар, бұдан басқа, Брахма құдайдан туған деген де болжам айтады екен. Оның аяқ-қолы кәдімгі адамдардыкімен бірдей болғанымен, беті тура төртеуге жетіпті.
Дегенмен, дәрігерлер жергілікті тұрғындардың бұл қуанышына ортақтасып отырған жоқ. Олардың пікірлерінше, мына жағдай босанушы келіншектің жүкті кезінде орын алған қиын жағдайлардан өріс алған.
Айта кетуіміз керек, бұдан 2,5 жыл алдын Үндістанның Раджастхан штатында тұратын 24 жастағы келіншек төрт аяғы, үш қолы бар қыз туған еді. Дәрігерлер бұл жағдайда іште пайда болған үшемнің екеуі кейін бір-бірімен бірігіп кеткен деп есептейді. Ал олардың сыңары еш патологиясыз жеке-дара туған.