Ту ұстаушы Берік Әбішев ауыр халде ауруханада жатыр
АЛМАТЫ. 20 қаңтар. Оңтүстік мегаполисте болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ту көтеріп жүрген Берік Әбішев қазір ауыр халде ауруханада жатыр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Біз бүгін Беріктің табылғанын хабарлап едік. Артынша журналист Ержан Әбдіраман оған қатысты оқиғаның бүге-шігесін баяндап, әлеуметтік желіде пост жариялады.
Ол былай деп жазды:
«Кең тараған суреттің кейіпкері Берік Әбішов қазір Алматыда ауруханада жатыр. 6 қаңтар күні ағасы звандаған кезде, Беріктің телефонын бөтен біреу көтеріп, «Мен оны атып тастадым!» деген.
Бауырлары бірнеше күн іздеп, 8 қаңтар күні 12-ауруханада операциядан кейін ес-түссіз жатқан жерінен тауыпты. Содан бері ағасы Ерік Әбішов оның жанында. Есін жиған соң полиция алып кете ме деп қорқады және жұртшылықтан қолдау күтеді. Суретте ту ұстап жүрген Берік екеніне сол кезде жанында болған адамдар куә дейді ол. Ары қарай Еріктің телефон арқылы айтқан әңгімесі.
«Мені, әпкемді танып отыр. Бірақ кеше досы келіп еді, оны танымады. Ештеңе есінде жоқ. Құлағы дұрыс естімей қалған. Сүйемелдеумен ақырын жүреді, тамақ ішеді. Дәрігерлер Берікке оқ емес, жарықшақ тиген, шүйдесінің бір жағынан кіріп, самай тұсына тұрып қалған дейді.
Берікпен 6 қаңтар күні соңғы рет сағат кешкі алты жарым шамасында сөйлескем. Алаңдамын, бейбіт митинг болып жатыр деді. Қайтсаңшы деп едім, кеше біраз адамды атып тастады, қалай кетем, одан да өзің кел деді. Мен ол кезде жұмыста отырғам. Біраз уақыттан кейін неше рет звандап ала алмадым. Ақыры сағат түнгі ондарда оның телефонынан басқа біреу жауап берді. «Берік қайда?» десем, «Берікті атып тастадым! Площадқа кел, сені де атып тастаймын!» дейді. Сөйтті де, телефонды өшіріп тастады.
Бұл кім, не айтып тұр, қалжыңдап тұр ма, әлде полицияға түсіп қалды ма деп уайымдадық. Жабылып іздеп, дәрігерлер түсіріп таратқан суреттің көмегімен осы ауруханадан таптық. Келсем, Берік комада жатыр, басынан жараланған, операция жасалып жарасы тігілген, бірақ дәрігерлер операция жасаған жоқпыз, оқ алған жоқпыз деді. Осыны түсінбей отырмын. Біреулер КНБ қысып тастаған дейді. Әйтеуір, қазірге дейін полиция келген жоқ. Бірақ митингіде жарақат алғандарды ауруханадан алып кетіп жатқанын естіп, қорқып отырмыз. Берік өзі түнімен басым деп ұйықтамайды. Ояу кезінде түсініксіз бірдеңелер айтады. Жанашыр адамдар бізді ұмыт қалдырмауын, Берікті алып кетуіне жол бермеуін сұраймыз».