Арал ауданындағы жол апатының жай-жапсары анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 қаңтар. Кеше Қызылорда облысының Арал ауданы аумағындағы 8 адамның өмірін жалмаған жол апатының жай-жапсары анықталды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Біздің мәнбеміздің хабарлауынша, 15 қаңтар күні сағат 13:53 шамасында белгісіз азамат Арал аудандық полиция бөліміне Аралқұм ауылы тұсында адамдар қазасы бар жол-көлік апаты орын алғанын хабарлаған.
Анықталғаны: Шымкент – Самара автомагистралінің 1397 шақырымында «Мазда MPV» маркалы, 184NB11 мемлекеттік нөмірлі жеңіл көлігі қарсы бағыттағы жолға шығып кетіп, «Volvo» маркалы WD 2721 нөмірлі жүк көлігіне бетпе-бет соққан. Қазалыдан Аралға бара жатқан бірінші көліктің рулінде жүргізуші Рахымжан Абашов болса, Венгриядан Өзбекстанға дәрі-дәрмек әкеле жатқан екінші көлікте Венгрия азаматы Козак Колош Бараш отырған. Нәтижесінде бірінші көліктің салонындағы 8 адам бірдей оқиға орнында опат болған.
Қаза тапқандар Арал және Қазалы аудандарының азаматтары болып шықты. Олардың аты-жөндері: Абашов Рахымжан Ахметжанович (1991 жылы туған, Қазалы ауданы), Түменов Кенжебек Дәулетович (1976, Арал ауданы), Шаханова Жадыра Қосмырзалиевна (1987, Қазалы ауданы), Ермағамбетов Ізбасар Елубаевич (1975, Арал ауданы), Саттаров Нұрымжан Ерболович (1989, Арал ауданы), Рахаш Амандық Рахашұлы (1984, Арал ауданы), Сәдуақасов Байберген Сахиевич (1983, Арал ауданы), Орынбаев Шыңғысхан Сағитжанұлы (1996, Арал ауданы).
Жол апатынан қаза тапқандардың бәрі мәйітханаға жеткізіліп, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары басталды.