Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қазақ баспасөзінің көрнекті тұлғасы еді

Қазақ баспасөзі ауыр қазаға ұшырады. Қазанның 19-ы күні республикаға белгілі журналист, жазушы, ақын Мұрат Күлімбет 74 жасында қайтыс болды.

Мұрат Мәлібекұлы Күлімбет 1947 жылы 17 желтоқсанда Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты «Қызыл ту» (қазір – Ы. Жақаев атында) колхозында мұғалімдер отбасында туған. Ол шығармашылық еңбек жолын 1969 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіргеннен кейін республикалық «Лениншіл жас» (қазір – «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер болудан бастайды. 1970 жылы арнайы шақыртумен туған жеріне оралып, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің жауапты хатшысы болып қызметке кіріседі. Бұл жылдар оның журналист ретінде де өсіп-өрлеуінің келісті кезеңі болды. Осы жылдарда жаңа жауапты хатшының шеберлігі мен реформаторлық қадамдары арқасында аудандық газет өзінің безендірілуі жағынан күрт өзгеріп, тартымды басылымдардың біріне айналды. Оның сол тұста «Лениншіл жас» газетінде жарияланған жас механизатор Жадыра Таспамбетова туралы «Жоқ, мен ораламын!» деген очеркі республика көлемінде үлкен резонанс алды. Журналистің осы туындыдағы жігерлендіруінен үлкен қуат алып, колхоз жұмысына қайта оралған очерк кейіпкері кейін біраз уақыт өте келе, егін шаруашылығының нағыз майталманы атанды, оның шарықтау шегінде Социалистік Еңбек Ері деген атаққа да қол жеткізді.

Журналист Мұрат Күлімбеттің шығармашылық өмірінің екінші кезеңі қайтадан Алматыда жалғасты. Ол 1979 жылы сол кездегі беделді басылымдардың бірі – «Қазақстан коммунисі» (қазір – «Ақиқат») журналына орналасты. Мұнда ұзақ жылдарға созылған табанды қызметінде қатардағы әдеби қызметкерден жауапты хатшы лауазымына дейінгі сатылардан өтті. Ал 1999-2012 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы болды. Қарымды қаламгер зейнетке шыққаннан кейін де шығармашылық саладан алыс кеткен жоқ. 2015 жылы Қазақстан Ұлттық мұражайына сектор меңгерушісі болып барған ол келесі жылы «Қазақстан әйелдері» журналына қайта шақырылды. Бұл қызметті 2018 жылға дейін атқарған журналист бұдан кейін біржақты жеке шығармашылықпен айналысты.

Ақын-жазушы Мұрат Күлімбеттің қаламынан туған өлеңдер мен прозалық туындылар бірнеше кітапты құрады. Бұдан бөлек, бірнеше деректі-ғұмырнамалық фолианттар жазып шығарды.

Ол шынында қазақ баспасөзі саласында өзіндік орны бар қарымды қаламгер еді.

Мұрат Күлімбет азамат ретінде де көрнекті тұлға болды. Ол соңынан ерген қаншама шығармашыл жасқа ұлағатты ұстаз болып қалды. Жұртшылықпен сыйластықта да орны бөлек-тін. Үлкенге – ізетті іні, кішіге ақылман аға бола білген, ешкімге ешқашан қиянат жасап, біреудің ала жібін аттап көрмеген, қолынан келсе, тек жақсылықтың шуағын шашуға, қолдау көрсетуге қайыл, қашанда өзінің бекзаттық болмыс-бітімін шынайы сақтап келген оның адамгершілік қасиеті өте жоғары болатын.

Міне, осындай қарымды қаламгер, абзал адам, аяулы азамат, жан жарының жақын жанашыры, балаларының сүйікті әкесі, немерелерінің пір тұтар тұлғасы өмірден кетіп бара жатыр.

Бақұл бол, асыл аға!

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button