Гвинеяда мемлекеттік төңкеріс: президент қамауға алынды
КОНАКРИ. 5 қыркүйек. Гвинеяда әскерилер мемлекеттік төңкеріс жасап, елдің президентін қамауға алды. Бұл туралы әлем БАҚ-тары хабарлады.
Бүгін Гвинея астанасы – Конакри қаласында жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 08:00-де атыс басталып кетті. Оқиға қалаға қарулы солдаттар басып кіргеннен кейін орын алды. Автоматтан атылған оқтар даусы шаһардың іскерлік және әкімгершілік аудандарынан естілген.
Гвинеядағылар Конакридегі атысты мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті деп бағалауда. Бүлікке Гвинея армиясының басқалардан артық қаруланған элиталы бөлімшесі – үкіметтің арнайы жасағы топтары (GPS) қатысуда.
GPS әскерилерін елдің шығыс бөлігіндегі Канкан қаласының тумасы полковник Мамади Думбуя басқарады. Бұрын ол француз армиясының легионері болған, 2018 жылы енді ғана құрылған арнайы жасақты басқару үшін Гвинея шақыртып алынды. Соңғы айларда Думбуяның аты-жөні Гвинея баспасөзінде жиі естіліп жүр. Алдымен ол қорғаныс министрлігін өз жасағына айрықша өкілдіктер беруге шақырды, бұл Конакридің әскери күшіне деген сенімсіздік туғызды. Сосын мамыр айында Думбуяның тұтқынға алынатыны туралы қауесет тарап кетті. Бірақ артынан бұл жоққа шығарылды.
Думбуя бүгін өзінің жасағымен президент сарайына қарай аттанды. Сол жерде мемлекет басшысы ұландарымен арада соғыс жүрді. Коя қаласының әскерилері астанаға қарай баратын жолдың бойында 50 шақырым қашықтықта орналасқан жалғыз көпірді жауып тастаған. Жекелеген аудандарды солдаттар бақылауында ұстап отыр. Сонымен бірге 83 жастағы президент Конденің тұтқынға алынғаны да айтылып жатыр.
Бүлікшілер жағының күштілігі сондай, оларға үкіметтің қарулы күштері төтеп бере алмайтын сияқты.