Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Токиода Паралимпиада өзінің мәресіне жетті

ТОКИО. 5 қыркүйек. Токио-2020 Паралимпиадалық ойындары өзінің мәресіне жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Халықаралық паралимпиада комитетінің (ХПК) президенті Эндрю Парсонс Ойындарды жабық деп жариялады.

Бүгін жапон астанасындағы ұлттық стадионда жарыстардың жабылу салтанаты болды. Шара жанкүйерлердің қатысуынсыз жүргізілді.

Паралимпиада 24 тамызда сөреден шыққан еді. Онда мүмкіндіктері шектеулі спортшылар сайыстың 22 түрі бойынша 539 медальдар жиынтығын сарапқа салды. Жалпы командалық есепте 96 алтын, 60 күміс, 51 қола медаль жинаған Қытай құрамасына тең келетін қарсылас болған жоқ. Олар талассыз 1-орынды жеңіп алды. Қоржынға 41 алтын, 38 күміс, 45 қола медаль түсірген Ұлыбритания ұжымы мәреге 2-ші болып жетті. Ал 37 алтын, 36 күміс, 31 қола медалі бар АҚШ спортшыларына 3-орын бұйырды.

Кешегі кеңестік елдер арасынан 36 алтын, 33 күміс, 49 қола медаль алған Ресей жасағы жалпы командалық 4-орынға табан тіреді. Украина 24 алтын, 47 күміс, 27 қола медальмен 6-орынға көтерілді. Бұдан кейін 14 алтын, 1 күміс, 4 қола медальге қол артқан Әзербайжан жасағы 10-орынға орналасты. Сол сияқты 8 алтын, 5 күміс, 6 қола медальді омырауларына таққан Өзбекстан терме жамағаты 16-орынға жайғасты. Сөйтіп, өзбектер бұл жолы да бізге шаң қаптырып кетті. Посткеңестік елдер арасынан келесі биіктен Беларусь командасы көрінді. Ол 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль арқылы 27-орыннан қол бұлғады.

Қазақстан спортшылары өз кезегінде 52-орыннан табылды. Біздің жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медальге қол жеткізді. Бұл біздің еліміз үшін рекордтық көрсеткіш болып саналады. Себебі, қазақ параспортшылары мұндай медальдар жиынтығына бұрын-соңды қол жеткізе алған емес. Айталық, Рио-де-Жанейрода олар бір алтын және бір күміс медаль ғана жеңіп алған еді. Осы ретте қазақстандықтар сапынан алтын медальді пауэрлифтер Давид Дегтяревтің, күміс медальдерді парадзюдоисттер Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатинаның, қола медальді суда жүзуші Нұрдәулет Жұмағалидың жеңіп алғанын еске сала кетейік. Бізден бұл жолы жалпы 25 спортшы сайыстарға қатысты.

Бұдан арғы сатыларға Латвия (3 күміс, 2 қола медаль, 66-орын), Грузия (3 күміс медаль, 67-орын), Литва (3 қола медаль, 78-орын) құрамалары жайғасты. Бұлардан бөлек, Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Эстония елдері бірде-бір жүлде ала алған жоқ.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button