Басты бағанЖаңалықтар жаңғырығы

«Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?»

Қызылорда облысындағы «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің «ГазтрансАймақ» акционерлік қоғамының газ тарифын орынсыз қымбаттатып жіберуіне байланысты көтеріп, оны бір келеге келтіріп қойған мәселесі билік пен құқық қорғау органдары тарапынан орын алып отырған тап осылай «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» жағдайының кейпін кигелі тұр.

Қоғамдық бірлестік бұдан біршама уақыт бұрын облыста осы мәселемен тікелей айналысуға тиісті мекемелер себепсіз өршіп кеткен газ бағасын қалпына келтіру жайын тиянақтап шешіп бере алмағасын, Мемлекет басшысына дейін шығып, проблеманың мәнін жеткізген болатын. Оның көшірмесі сондай-ақ республиканың бас прокурорына, табиғи монополияларды реттеу комитетіне жіберілді. Ашық хат «Көгілдір отынның» бағасы көңілден шықпай тұр» деген бастақырыппен бірқатар баспасөз құралдарында да жарияланды.

Осы дабылдан кейін сең орнынан қозғалғандай болды. Нәтижесінде табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының аймақта өрескел заң бұзушылықтарға жол беріп, газ тасымалдау қызметінде халықтың ақшасын өте ірі көлемде сорып алып келгені анықталды. Осыған байланысты облыстық прокуратура да аталған департамент жүргізген қорытындыларға сүйенілген тиісті жауабын жолдады.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ-ы газ таратушы жүйелері арқылы тауарлық газды тасымалдау қызметі бойынша табиғи монополия субъектісі болып табылады. «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі осы Заңға сәйкес бекітілген тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуға міндетті. Заңның жоғарыда көрсетілген нормаларын бұза отырып, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ-мен Департаментпен бекітілгенен тариф қолданылмаған және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында негізсіз алынған кірістердің жалпы сомасы 902 613 846,27 теңгені құрады», – деп атап көрсетті аталмыш департаменттің басшысы Гүлмира Өтегенова «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің ашық хатына қайтарған жауабында.

Осылайша департамент Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік өндірісін қозғады және табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзушылықты жою, атап айтқанда, негізсіз табыспен жинап алынған 902 613 846,27 теңге соманы тұтынушылардың өздеріне кері қайтару жөнінде нұсқама енгізді.

Осы жерде ашып айтуымыз керек, бұл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының Қызылорда тұрғындарына кері қайтаруға тиісті ақысының бар мөлшері емес. Олай дейтініміз, аталмыш құрылымның өткен жылдан бері халықтан жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеге жуық ақшаны заңсыз артық алғаны сот деңгейінде де толық дәлелденіп шықты. Монополияны реттеу департаментінің қозғауымен сотта арнайы қаралып, нақты шешімін алған бұл мәселесінің орындалуы тым ұзаққа созылып кететінге ұқсайды. Себебі, филиал барлық соттың деңгейінде жеңіліске ұшырағанына қарамастан, сот ұйғарымын орындауға асығар емес.

Сондықтан біздің Мемлекет басшысына дейін шығып, мәселені оңына келтіргенімізді көріп-естіп отырған жергілікті басқару органдары бір бүйірден аңысын аңдып қарап отыра бермей, шешімнің орындалуына қызу араласуы керек деп есептейміз. Атап айтқанда, біз облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовадан, Наурызбай Байқадамов басқарған облыстық мәслихаттан, облыстық қоғамдық кеңестен, сол сияқты «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалынан осындай нақты да әлеуетті қолдау күтеміз. Бұл – «Сен салар да, мен салар…» деп, біреудің қолға алып, жүзеге асыруын күтіп отыра беретін мамырақан жай, мекерлі мәселе емес. Бұл – халыққа қызмет етудің, қазіргі күрделі дағдарыс жағдайында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалына аз да болса дем берудің, қолдау көрсетудің, халыққа қарай қол созып, қарсы жүрудің ең қарапайым, ілкі қадамдарының бірі ғана!

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,

«Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button