Қызылордада тағы бір ардагерлер ұйымы тіркелді
ҚЫЗЫЛОРДА. 13 сәуір. Қызылорда облысында қоғамдық негіздегі тағы бір ардагерлер ұйымы мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
«Ардагерлер дауысы» деп аталатын бұл қоғамдық бірлестік кеше облыстық әділет департаментінен өзінің өмірге келгенін білдіретін «Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама» деп аталатын заңды құжат алды. Бірлестікті бұрын қала, аудан әкімі, совхоз директоры болған өндіріс басшысы, қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов басқарады. Қоғамдық бірлестіктің құрылтайшылары қатарында сондай-ақ бұрын жоғарғы кеңес депутаты, сенатор болған, облыс, аудан, облыстық мекемелер мен ұйымдар тізгінін ұстаған, шаруашылықтарға жетекшілік еткен бірқатар белгілі тұлғалар бар.
Жарылқасын Шәріповтің айтуынша, жаңадан қатарға қосылып отырған бірлестік аймақта бұрыннан бар облыстық не қалалық ардагерлер ұйымдарына баламалы құрылым емес, олармен бәсекелес болмайды, олардың функциясын атқармайды. Жаңа бірлестік облыс аумағында туындап қалатын түрлі өзекті мәселелердің төңірегінде ой қозғап, олардың жайын басшылар тарапына жеткізіп тұруды, осы арқылы олардың оңды шешілуіне мұрындық болуды мұрат тұтады. Бірлестік көбіне жоғарыда аталған ұйымдардың өз функцияларына орайына қарай қозғай алмайтын мәселелерге назар аударып отырады. Былайынша айтқанда, билікке елдің үнін білдіреді, халықтың даусын жеткізеді, керек кезінде талап қойып тұрады.
«Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің офисі Қызылорда қаласы Әйтеке би көшесіндегі №42 үйге орналасқан.