«Рассердитесь наконец, Касым-Жомарт Кемелович!»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құлаққағыс
Есіңізде ме, Қасым-Жомарт Кемелұлы, бір жылдары Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір жиын үстінде Сізге тап осылай «Рассердитесь наконец, Касым-Жомарт Кемелович!» деген еді бір ісіңізге риза болмағанда. Сіз ол кезде Сыртқы істер министрлігін басқаратын едіңіз.
Міне, қазір біз де сол сөзді тап сол қалпында қайталап айтуға мәжбүр болып отырмыз. Еліміздің екінші Президенті ретінде. Біз де мемлекеттің беделі мен өміршеңдігін танытатын мына бір тірліктердің төңірегінде Сіздің аппаратыңызда қызмет ететін тұлғаның тікелей қатысуымен туып жатқан орынсыз дау-дамай мен оны қолдан ушықтырып жіберу дерегін көрген кезде.
Айтыңызшы, егер бір азаматтар Қазақстан Республикасының территориясында мемлекеттік тілдің қазақ тілі екенін пайдаланып, өздеріне қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етсе, ал оның жайын естіп алған Сіздің аппаратыңыздың бір қызметкері мұны «пещерный национализм» деп күстаналап, ретсіз қорлап жатса, сіз оны қалай бағалар едіңіз? Заңды талап еткен адамды осылай жазғырсақ, біз сонда қайда құлдырап барамыз? Тап осы қорлау фактісінен рух алып, арқаланып алған көрші мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарынан бастап, кейбір кеудемсоқ, әпербақан біреулері істің шын мәніндегі жай-күйін білмей жатып, қазақ тілімен қоса, қазақ халқын да табанға таптағысы келіп, тап беріп жатса, Сіз бұған не дей аласыз? Қарап тұрмай, өз қолымен шоқ көсеп, отқа май құя салған «недальновидный» қызметкеріңіздің осы әрекетін немен ақтай аласыз?
Біз Президент аппаратында бұрын басқа елдің мүддесін қорғап, соларға қызмет еткен Бағлан Майлыбаев деген бір сатқынды білуші едік. Ол сол қылмысы үшін сот арқылы тиісті жазасын алған. Енді сондайлар тағы шыққан ба?
Біз Сізден алдымен өз аппаратыңызды осындайлардан тазартуыңызды талап етеміз! Өйткені, біз Сізге дауыс беріп, сайладық!
Жақсыбай САМРАТ,
жазушы-журналист
ҚЫЗЫЛЖАР