АймақЖаңалықтар жаңғырығы

«Ардагерлер дауысы» аймақ мәселелерін шешуде

үлкен қоғамдық белсенділік танытып келеді

Қызылорда облысында бұдан бірқатар уақыт бұрын құрылып, әртүрлі қитұрқылықпен әрең тіркеуден өткен «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігі өзінің алдына қойған миссияларын барынша тиянақты орындап, жұртшылықтың көңілін өзіне аудара бастады.

Қоғамдық бірлестіктің осы уақытқа дейін өзі араласуымен шешкен проблемалық мәселелері аз емес. Солардың бірі – «ГазТрансАймақ» АҚ облыстық филиалының ретсіз көтерген газ тарифін төмендету жөніндегі мәселесі оңынан шешіліп жатыр.

Қоғамдық бірлестік бұл мәселені бұдан бірнеше ай бұрын облыстық монополияны реттеу мекемесінің тұрғындарға газдың тарифін 20,9 тенгеден 17,3 теңгеге төмендету туралы бұйрығын орындамай отырғанына назар аударды. Сөйтіп, бірнеше сатыда өткен сот шешімі мен бұйрықтың неге орындалмай отырғанын сұрап, облыстық әділет департаменті мен облыстық прокуратураға арызданды. Шағымда «ГазТрансАймақ» АҚ-ның 1 жыл, 8 айдан бері неге төмендетілген тарифке көшпей отырғаны сұралды. Осының өзі онсыз да ыңыршағы айналып отырған облыс тұрғындарына айтарлықтай соққы болып тиіп отыр еді. Бұдан кейін бірлестік мүшелері осындай хатты мемлекет басшысына да жолдады. Бірақ көпке дейін айтылған инстанциялардан жауап бола қоймады. Содан соң тағы да қозғау салынды. Кезінде сол хаттар осы сайтта да жарияланды.

Жақында облыстық прокуратура «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігіне осы мәселеге байланысты жауап берді. Онда монополияға қарсы департаменттің аталған істі толық тексеріп біткені айылған. Тексеру тиісті шешім шығарылғаннан кейін тарифті төмендетпей келген «ГазТрансАймақ» АҚ-ның осы аралықта ғана 902 млн теңге артық ақша алғанын айғақтады. Сондықтан департамент аталмыш акционерлік қоғамның филиалына жоғарыдағы соманы халыққа кері қайтару жөнінде нұсқау берді. Оған 2021 жылдың 13 қыркүйегіне дейін мерзім белгіледі. Бұған қоса, департамент филиалға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 164-бабының 5-бөлігімен (табиғи монополия субъектісінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамауы егер бұл әрекет кіріс (түсім) алуға әкеп соқса) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады.

Алайда, филиал осы аралықта аталған нұсқамамен келіспейтіні жөнінде ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетіне шағым беріп үлгеріпті. Қазір сол мәселе қаралуда.

Бұған дейін департамент 1,4 млрд. теңгеге (01.01-31.12.2020ж. аралығындағы) заңдылықты бұзушылық анықтап, филиалға уақытша өтемдік тариф енгізу арқылы аталған қаржыны 01.08.2021ж. бастап өтеуді міндеттеген болатын. Департамент сондай-ақ биылғы 30 маусымда 1000 текше метр газға 3320,45 теңге төлеу тарифін белгілеп берді.

«ГазТрансАймақ» АҚ қазір облыс тұрғындарына 2,4 млрд теңге берешек болып отыр. Ол бұл соманы қайтармау үшін айтыс-тартысты жалғастырып келеді. Бұған филиалдың осы мәселеге байланысты қайта-қайта сотқа жүгініп отырғаны да айғақ.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button