Жамбыл облысындағы әскери бөлімде жарылысқа жол берілді
ТАРАЗ. 26 тамыз. Тараз қаласының түбіндегі әскери бөлімдегі қоймалардың бірінде кешке жақын өрт басталып, соңы жарылысқа ұласты. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі осы оқиға салдарынан 66 адамның зардап шеккенін айтып отыр.
Айтатын нәрсе, кейбір мәнбелерде жарылысқа орай адам қазасы орын алғандары да сөз болуда. Бірақ әзірге ондай ресми мәлімет жоқ.
«Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында сағат 19:00 шамасында өрт орын алды. Өрттің нәтижесінде анықталмаған заттардың жарылысы орын алды», – делінген Қазақстан Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметі бойынша, өрт сөндіруге бөлімнің өрт командасы шынжыр табанды өрт сөндіру машиналарымен тартылған.
«Оларға Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт бөлімдері қолдау көрсетіп жатыр. Өрттің ошағын жою жұмысы жалғасуда», – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Жақын маңда орналасқан үйлерде тұратын тұрғындар көшірілуде.
Өрт болып себебі анықталу үстінде. Оқиға орнына ведомство басшысының орынбасары, генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев бастаған комиссия аттанып кетті.
Ал әлеуметтік желіде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты отставкаға жіберу жайлы ұрандар күшейіп тұр. Желі пайдаланушыны бұдан бұрын Арыс қаласындағы әскери бөлімде орын алған осындай өрт пен жарылыстар оқиғасынан ведомство басшылығының сабақ алмағандары ашындырып жатыр.