Түрікменстан ауғанның босқын түрікмендерін ішкері өткізбеді
АШХАБАД. 18 тамыз. Түрікменстан ауған әскери қызметкерлері мен ұлты түрікмен босқындарды шекарадан ішкері жібермей қойды. Бұл туралы «Азатлыктың» түрікмен редакциясы хабарлады.
«Түрікменстан Ауғанстан территориясындағы зорлық-зомбылықтан бас сауғалап қашқан ауған әскери қызметкерлері мен этникалық түрікмен босқындарды өткізбеді», – делінген хабарламада.
Түрікмен билігі ауған әскери қызметкерлері мен жергілікті түрікмендердің өз жеріне қарай өтулеріне кедергі келтіруде. Ал олар өз отандарында орын алуы ықтимал қанды қырғыннан қашып келеді. Сонымен бірге, Түрікменстанның шекара бойындағы тұрғындары арасында үрей күшейіп барады. Олар осы маңда ұрыс қимылдарының басталып кетуінен қорқады.
Хабарланғандай, Ауғанстанмен шекараласатын Орталық Азия елдері, атап айтқанда, Өзбекстан мен Тәжікстан бұдан бұрын-ақ өз жерлеріне босқын ауғандықтарды жіберіп қойған болатын. Олардың алғашқы легі 15 шілдеде Таулы Бадахшан облысына, Хорог қаласына жеткен еді.
Ресми Ауғанста әзірге өз елдерінен кетіп жатқан босқындар жөнінде ештеңе айтпай отыр.
Түрікменстанның Ауғанстанмен шекарасы 800 шақырымға жуықтайды.
Ауғанстан астанасы Қабул қаласы президент Ашраф Гани бірнеше машинаға тиелген долларды алып елден кетіп қалғаннан кейін 15 тамыз күні құлады. Орталық «Талибан» армиясына ұрыссыз берілді.
Қазір тәліптер бұрынғы билік құрамында қызмет еткен барлық шенеуніктерге рақымшылық жарияланатынын айтып, олардың әлі де қызметтес болатын мүмкіндіктері бар екенін мәлімдеп жатыр. Соған қарамастан, елден кеткісі келетіндер легі көбеймесе, азаяр емес. Ал қазір 15 тамыз күні ұшақтардың қанаты астына отырып алған жанкешті адамдардың ешбірі тірі қалмағаны, Катарға олардың кейбірінің қаңқалары ғана барғандары белгілі болып отыр.