Президент Тоқаевтың тапсырмасымен ауған жерінен 42 босқын жеткізілді
АЛМАТЫ. 18 тамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі тапсырмасы бойынша қазір ғана Ауғанстанда тұратын ұлты қазақ 42 азамат тарихи отандарына алдырылды. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Facebook әлеуметтік желісінде осы жайында баяндады. «Осыдан бір сағат бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты С-295 әскери-жүк тасымалдаушы ұшағы Ауғанстаннан 42 азаматты алып, Алматының әуежайына аман-есен қонды. Жолаушылардың арасында 15 жасөсіпірім мен 10 бала бар. Қалғандары бейбіт тұрғындар. Біреулер айтқандай бөтен ойлы адамдар емес», – деп жазды ол.
Парламент депутаты сондай-ақ Қазақстан сарбаздарының Ауғанстаннан Ресей мен Литваның бір азаматын алып шыққанын да атап өтеді. Қазіргі таңда қос елдің азаматы өз елінің елшіліктеріне хабарласып, көмек күтуде. «Осылайша біздің сарбаздарымыз өздеріне тапсырылған міндетті мінсіз орындап шықты», – деп осы ойын түйіндейді мәжілісмен.
Жанарбек Әшімжан өз сөзінде осы кездері әлеуметтік желіде тарап жүрген бір видеода көрінетін ауғанстандық қазақ әйелінің Қазақстанна көмек сұрауы Президентті де толғандырмай қоймағанын атап өтеді. Осы бір жүрек толқытар бейнеүндеуден кейін Мемлекет басшысы жедел ұйғарым жасаған. «Жан-жағында қыз-келіндері отырған апаның арман-аңсарын тыңдасаңыз, аза бойыңыз қаза болады», – деп жазады осы ретте журналист-депутат.
Дерек бойынша, ауған жерінде қазіргі кездері 200-дей ғана қазақ тұратын көрінеді.
Президенттің бұл шұғыл шешімі қандастарына құшақтары ашық, ықыласы жоғары, өз ұлтын сүйетін қалың қазақты қуантып жатыр.