Белорус атлеті Тимановская Польшадан саяси баспана тапты
ТОКИО. 2 тамыз. Кеше Беларусь спорт делегациясы басшылығының қысымымен еліне қайтарылмақшы болған жеңіл атлет Кристина Тимановская бүгін Польшаның визасына қол жеткізді. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Мұны жайы Польша сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Пшидачтың Twitter-де жариялаған хабарламасынан кейін мәлім болды.
«Белорус спортшысы Кристина Тимановская қазірдің өзінде Токиодағы поляк елшілерімен байланыста. Ол гуманитарлық виза алды», – деді Пшидач. Ведомство өкілі жеңіл атлеттің өз мансабын жалғастыруы үшін Польшаның мүмкін болғанның бәрін жасайтынын айтты.
Польша Сыртқы істер министрлігі Тимановскаяның жақын күндерде Варшаваға ұшып баратынын мәлімдеді.
Бұған дейін 25 жастағы спортшы Тимановскаяның Польшаның Токиодағы елшілігінің қорғауында болғысы келетінін айтқаны жарияланған. Соның алдында Варшава аталмыш спортшыны өз қанатының астына ала алатынын баяндаған еді.
Тамыздың 1-і күні Беларусь құрамасының жаттықтырушылар штабы Тимановскаяны Жапонияда өтіп жатқан Олимпиадада 200 метрлік қашықтыққа жүгіруден шығарып тастаған болатын. Бұған спортшының әлеуметтік желіде құрама басшыларын сынға алғаны негізгі себепкерлік еткен. Соның алдында Ұйымдастыру комитеті Беларусь жеңіл атлетика құрамасының екі спортшысын 4х400 метрлік эстафетаға жүгіруге жібермей қойған. Содан кейін жаттықтырушылар бұл сайысқа Кристинаны қосуға шешім қабылдайды. Бірақ Ойындарға 100 және 200 метрлерде бағын сынау үшін келген спортшы бұған дейін эстафетада жүгіріп көрмегендіктен, бұл шешімге наразылық білдіреді. Ол осыған байланысты ойларын 30 шілде күні Instagram-дағы парақшасына жазады. Онда елдің спорт басшылығын сынға алады. Содан кейін басшылар тарапынан қойылған талапқа сәйкес, ол жазбасын алып тастайды.
Алайда, шайқас мұнымен тынбайды. Спортшының осыншалықты еркінсігеніне қатты шамданған жаттықтырушылар штабы 1 тамыз күні оны ешқандай жарысқа қоспай, елге қайтару жөнінде шұғыл шешім қабылдайды. Құраманың бас жаттықтырушысы Моисевич спортшыға оны шеттету жөніндегі мәселенің «федерация деңгейінде де емес, спорт министрлігі деңгейінде де емес, одан да жоғарыда», яғни Александр Лукашенконың құзырымен шешілгенін білдіреді. Ал аэропортта Кристина жапон полициясы мен ХОК өкілдеріне хабарласып, өзінің депортациясын дереу тоқтатуды сұрайды. Кейінірек әуежайға Бүкілжапондық адвокаттар қауымдастығының өкілі келіп, оны қауіпсіз жерге алып кетеді. Тимановская Жапониядан кетуден бас тартып, өзіне Германия мен Австрияның бірінен саяси баспана берілуін өтінеді. Ал 2 тамыз күні ол мұндай пананы Польшадан алғысы келетінін айтады. Өтініш сол заматында орындалды.
…Сөйтіп, Александр Лукашенко Жапониядағы Олимпиялық ойындарды да шулатып жатыр.