Питерде шешендер мен тәжіктер топтасып төбелесті
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 2 тамыз. Нева жағасындағы қаланың Большевиктер даңғылы бойындағы «Белые ночи» мейманханасында шешендер мен тәжіктердің топ болып төбелесу оқиғасы орын алды. Бұл туралы «Интерфакс» хабарлады.
Оқыс оқиға 29 шілде күні түнде орын алған. Төбелеске Шешенстан мен Тәжікстан тұрғындары қатысқан. Қақтығысқа тұрмыстық сипатта текетіресіп қалу себеп болған. Оның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
Агенттіктің мәліметінше, төбелесті Шешенстанның алты, Тәжікстанның төрт азаматы бастап берген.
«Төбелестің нәтижесінде Шешенстанның 23 жастағы тұрғыны Мария ауруханасына миы шайқалған деген диагнозбен түсті. Тағы бір шешен жігіті «жедел жәрдеммен» Джанелидзе атындағы ғылыми-зерттеу институтына жіберілген», – деп хабарлайды басылым.
Оқиға орнына келген полицейлер төбелеске қатысқан тоғыз адамды және Тәжікстан мен Өзбекстанның 70-ке жуық азаматын ұстаған.
Бұдан бұрын, 13 шілде күні Мәскеудегі метроның Кузьминки деген станциясы жанында қырғыздар мен тәжіктер арасында топтық төбелес орын алған еді. Сол жолы полиция 103 адамды ұстады. Олардың алтауы 15 күндік қамауға алынды.