Ильхам Әлиев армяндарға соңғы рет ескерту жасады
БАКУ. 2 мамыр. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев елдің эксклавттағы Нахичевань аймағына баратын көлік дәлізін жасау жөніндегі ниетіне кедергі келтіріп отырған армян тарапына соңғы ескерту берді. Бұл туралы Oxy.az хабарлады.
Таулы Қарабақ соғысынан кейін Әзербайжан мен Армения арасында жасалған келісімде Баку тарапының Нахичевань аймағына апаратын көлік дәлізін ашуына мүмкіндік берілетіні қарастырылған болатын. Алайда, жеме-жемге келгенде, армян жағы оған барынша кедергі келтіріп бағуда.
Әзербайжанның эксклавты – Нахичевань аймағына Армения территориясы арқылы өтетін көлік дәлізі құрылысын салуы кешеуілдей беруі Кавказда жаңа жанжалдың ошағын туғызып жіберетін түрі бар. Ал өңірдің экономикалық келбетін өзгертетін жобаны жүзеге асыру 2020 жылғы 9 қарашада Баку, Мәскеу және Ереван арасында жасалған үш жақты келісімнің басты тармақтарының бірі болатын. Бірақ Ереван қазір келісімді тәрк етіп, жоба құрылысының басталуын мүмкіндік бермей отыр. Бұл. әрине, Баку тарапынан үлкен ашу-ыза туғыза бастады.
Әзербайжан тарапы жақында жасаған мәлімдемесінде бұған іштей тынып, қарап отыра бермейтінін ашық білдірді. Бұдан бірнеше күн бұрын Ильхам Әлиев әзербайжан жағы «Зингезаур дәлізі» деп атап отырған жоба құрылысының жүруіне Армения кедергі келтіруін қоймаса, оны күшпен, яғни соғыс жағдайында қарудың күшімен жүргізетіндерін мәлімдеді. Ал Армения мұны Ресейдің қорғауындағы республиканың тұтасығына қауіп төндіру деп бағалады. Мұндай да аярлық болады екен-ау!
Әзербайжан президенті 27 сәуір күні әңгімені бұдан да тереңдетіп айтты. Ол: «Жақында армян жағының әзербайжан-армян шекарасының Зангилан бағытындағы мүйісінде біздің шекарашыларымызға қарсы жасаған әскери арандатушылығы бұл орайдағы соңғы әрекет болуға тиіс. Біз төзімділік танытып, олардың қитұрқылықтарына жауап қайтармадық. Бірақ бұл – біздің ең соңғы ескертуіміз. Енді сондай қимылдар тағы жасалатын болса, жау сол тұрған орнында құртып жіберіледі», – деді ол.
Әлиевтің қазіргі заманғы әскери техникалардың, Израильдің ондаған «Нагор» дрон-камикадзесінің қалқасында тұрып, әскерлер алдында сөйлеген бұл сөзі оның шынында енді тартына бермейтінін анық байқатып бергендей болды.
Сарапшылар армян жағының бұлайша тайраңдай бастауына елде сайлау өтетініне байланысты Батыстан қазіргі кездері орасан зор көмек келе бастағаны себепкерлік етіп отырғанын алға тартады. Мысалы, Қарабақ соғысы кезінде жұмған ауыздарын ашпаған АҚШ билігі енді 1915 жылғы «армян геноцидін» мойындауға қарай бет бұрған кейіп танытып отыр. Президент Джо Байден, француз Сенатының төрағасы Лин Трейси осы тарапта жұмыс жасауда. Осыған байланысты табиғатынан екіжүзді армяндар бұл ыңғайда Ресейді де кейінге ығыстырып тастай салғанға ұқсайды.
Қазіргі таңда Ресей, Түркия және Әзербайжан мемлекеттері Нахичеванның жолы ашылуы мақсатында мүдделестік танытып отыр.
Жақында Ресейдің өз жерінде заңсыз тұрып жатқан армяндарды маусым айында депортация жасау жөніндегі ұйғарымының жай ғана қадам емес екенін, оның неден туғанын енді шамалауға да болады.