Түркия Қырғызстанға жан-жақты жәрдем беруге дайын отыр
АНКАРА. 2 мамыр. Түркия қазір өз елі шекарасындағы жанжалға байланысты қиын жағдайға душар болып отырған Қырғызстанға жан-жақты көмек көрсетуге дайын отыр. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
«Түркия зардап шеккен Баткен облысы аудандарын қалпына келтіруде Қырғызстанға жан-жақты көмек көрсетуге дайын», – делінген хабарламада.
Кеше, 1 мамыр күні түрік тарапының бастамасы бойынша Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев пен Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме басында түрік министрі Қырғызстан халқына шекарадағы оқиғаларға байланысты көңіл айтты. Ол сонымен бірге түрік мемлекетінің қырғыз еліне осы жағдайда қолдан келетін көмектің барлық түрін көрсететінін мәлімдеді. Қырғыз-тәжік тараптарының осы кезге дейін қол жеткізген мәмілелеріне қолдау білдірді.
Мевлют Чавушоглу өз сөзінде түрік тарапының зардап шеккен қырғыз бауырларға медициналық көмектің барлық түрін көрсете алатынын айтты. Түркия сондай-ақ Қырғызстанның жанжал салдарынан қираған аймағының әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге жан-жақты көмек көрсетуге дайын отыр.
Өз кезегінде Руслан Казакбаев түрік әріптесіне алғыс білдірді. Ол шекарада соңғы кезде қалыптасып отырған ахуал туралы айтып берді.