Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қазіргі заманның талабы мен талғамынан туған

«Роман-Драма» журналы жыл басынан бері жарық көріп келеді

Биылғы жылдың басынан бері елімізде «Роман-Драма» деген өзгеше сипаттағы әдеби журнал жарыққа шыға бастады. Сонау Одақ кезінен танымал «Роман-газета» журналының дәстүрін ұстанған бұл басылымның өзіндік ерекшеліктері де бар. Біз осы журналдың әрі құрылтайшысы, әрі бас редакторы Жолтай Әлмашұлымен жүргізген сұхбатта бұл жайында да айтылады.

– Жөке, «Роман-Драма» журналының оқырманға жол тартқанына да бес айдың жүзі болып қалыпты. Айтары жоқ, идеяның өзі өте жақсы. Бұл бастама қалай ойға келіп жүр?

– Шыны керек, осындай бір журнал шығару көптен ойда болатын. Оған алғашқы себеп – бізде прозалық және поэзиялық шығармаларды жариялайтын журналдар баршылық, ал драматургиялық туындылар еш жерде жарық көрмейді, сол олқылықтың орнын толтырсақ деген ниет көптен көкейді кернеп жүр еді. Сосын да басылым атын осылай айқайлатып атадық. Екінші себеп – көп жағдайда қазақ басылымдары көлемді дүниені толығымен жариялауға аса ынталы емес, сол себепті кейбір романдар мен повестер жұлмаланып жарық көріп жатады, осы жағын да ескеріп, жақсы дүние болса, көлем жағын да қысқартпауға тырысып бағамыз.

– Журналдың алғашқы нөмірлері туралы әдебиетсүйер қауымның пікірі қандай? Оқырман қалай қабылдап жатыр?

– Бүгінгі күнге дейін үш нөмірін шығарып үлгердік. Әдебиетшілер арасында өте жақсы қабылданды-ау деп ойлаймын. Өйткені, күнбе-күн хабарласушылар баршылық. Бірқатар қаламгерлер «бұл уақыт талабынан туған журнал болды, енді ғұмыры ұзақ болғай» деп ықыласты пейілін де айтуда. Шамаға қарай жалғастыра береміз, әрине!

– Көпшілік таяудағы нөмірлерден қандай жазушылар мен драматургтердің шығармаларын күте алады? Жалпы, алдағы жоспар қандай?

– Журналдың әу бастағы ұстанған принципі – бір прозалық, бір драмалық туынды жариялап отыру еді. Қазірдің өзінде Төлен Әбдіктің, Дулат Исабековтің, Тынымбай Нұрмағанбетовтің повесть-драмалары жарыққа шықты. Сонымен бірге біз мұнда тек қазақ қаламгерлерін ғана емес, алыс-жақын шетел қаламгерлерінің шығармаларын жариялауды да мақсат еткенбіз. Негізінен түркі тілдес елдер жазушылары мен драматургтерін қамтимыз. Жарық көрген үш нөмірде қырғыз Сұлтан Раевтың «Кашаба» повесін, башқұрт Флюр Галимовтың «Песнь о Салават батыре» деген тарихи пьесасын жарияладық. Ал алдағы сандарына Алдан Смайыл, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қуаныш Жиенбай, Ақылбек Шаяхмет, Мәди Айымбетов, Нұрғали Ораз, Мағира Қожахметова секілді қаламгерлердің туындыларын жариялау жоспарланған. Әрине, түрік, әзербайжан, татар, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, ұйғыр, ноғай, құмық, қарашай, малқар, қырымлы, қарақалпақ, алтай, хакас, тыва, шуваш ағайындардың да қалам иелері назардан тыс қалмақ емес. Сонымен бірге, алдағы уақытта журнал бетінен жас таланттарға да молынан орын беретінімізді айта кетелік.

– Журналға шетел жазушы-драматургтерінің туындылары да шығатынын айтып отырсыз. Олармен бұл жөнінде арнайы келісім бар ма? Авторлық құқық сақтала ма? Туындыларды кімдер аударады?

– Біз журналға берілетін шетелдік әрбір қаламгермен алдын-ала сөйлесіп аламыз, содан кейін барып шығармасын жариялау туралы екі жақты келісім жасаймыз. Көркем туындыларды өзінің биік деңгейінде аудару – өте ауыр жұмыс. Сосын да келісім былай болды: шетелдік қаламгердің көркем туындысы тек орыс тілінде беріледі. Ал оның сапалық деңгейіне біз емес, автордың өзі жауапты. Электрондық нұсқасын жібереді, соны жариялап отырамыз. Әзірге мүмкіндігіміз осындай, бәлкім, алдағы уақытта қазақшаға аударып беру жағын да ойластырармыз.

– «Роман-Драманың» оқырманға тарау деңгейі қандай? Оны қайдан сатып алуға болады? Жазылу қалай жүргізіледі?

– Оның таралуы, шынын айтсам, тап қазір өте қиын болып тұр. Қалалардағы дүңгіршектермен күнделікті сату жайлы келісім жасасақ та, мына ковид дегеннің кесірінен, олардың көбісі жабық тұр. «Қазпошта» арқылы арнайы индекс (76168) алып, екінші жарты жылдыққа жазылуды ұйымдастырып жатырмыз. Қалғанын уақыт көрсете жатар…

– Жөке, осындай журнал шығару идеясының өзі керемет екенін тағы қайталап айтқым келеді. Істеріңізде үлкен табыс тілеймін.

– Сізге де рахмет, Секе! Бар ойымыз – өзіміздің ұлт әдебиетінің мәртебесін көтере түсіп, қаламгерлеріміздің қаламына шабыт беру ғой. Соған титтей де болса, үлес қоса алсақ, еңбектің еш болмағаны!

Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button