«Елге қызмет жасаудан артық бақыт жоқ»
75 жас. Адам өмірінің өлшеміне берілген уақыт кезеңі. Балалық дәурен, жастық шақ, арман асуы, қызығы мен қиыншылығы жетерлік, қоғам өміріне белсене араласу кезеңі, ұрпақ тәрбиесі, ата-ана алдындағы балалық парызың, өзің өмір сүрген қоғамдағы өз орныңды айқындап алу кезеңі, барлығы-барлығы, сайып келгенде, өзіңнің өмір жолыңның өзгеге өнеге боларлықтай адамгершілік, азаматтық бейнеңді көрсетер өмір сабағы екені даусыз.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Сыр бойына белгілі азамат Сайлаубай Әбішұлы туралы болмақ. Ол өзін ешуақытта дәріптемейді, өзі туралы мақала жазып, мадақтауды да жаны қаламайды, бірақ өзі өмір сүрген қоғамдағы барлық жағдайларға саналы түрде ой тастап, кез келген аудиторияда, баспасөз беттерінде ашық пікірін айтуға жалтақтық жасамай, билік басындағылардың уақытша саясат ағымына еріп кетпей шынайы өмірдің іргетасына қатысты мәселелерде ұстанымы тұрақты азамат.
Біз Сәкеңді көптен білеміз. Өмірлік көзқарастарын жақсы түсінеміз. Қай салада қызмет жасамасын шынайы беріле жұмыс жасайды. Біреулер сияқты «бара жатқанмен барып, келе жатқанмен келіп» жүретін кадрлар тобына жатпайды. Өз пікірі бар, өз ұстанымы бар азамат.Өмір жолына талдау жасап, сараптамадан өткізсек, Сайлаубай Әбішұлы – қарапайым өмір кешкен отбасында дүниеге келген, балықшылық пен малшылықты кәсіп еткен буырқанған Арал аймағындағы көпшіліктің бірі. Өзінің замандастары секілді соғыстан зардап шеккен ауылдың тұрмыс-тіршілігін басынан өткізген, ауыл мектебінде білім алып, қазақы тәрбие алған, өмір сүрген қоғамның саяси мектебінен өткен біздің замандасымыз. Жиырма жасында жоғары педагогикалық білім алып, орта мектептерде математикадан, физикадан, астрономиядан, сызудан, машина тану пәндерінен дәріс берген кәсіби шеберлігін шыңдаған маман.
Қоғамдық дамудың өзгерістеріне сәйкес саяси мектептің табалдырығын аттап кезіндегі комсомол, партия, халықтық бақылау органдарында қызмет жасап, Сыр бойының саяси және шаруашылық өміріне белсене араласқан азамат. Өзінің кәсіптік білімін жетілдіру мақсатында ауылшаруашылығы институтында да оқыды, партия, комсомол, шаруашылық жұмыстарының озық тәжірибелерін жинақтау мақсатында арнайы біліктілік курстарынан да өтті. Бір сөзбен айтқанда өткен өмір жолы үнемі ізденіс үстінде болды. Осылардың нәтижелері облыстың Шиелі, Арал аудандарында колхоз басқармасының төрағасы да болды, совхоз директоры қызметтерін де атқарды, ауданның ауылшаруашылығы басқармасының бастығыда болды, тіптен ауданның мәдениет бөлімінің меңгерушісі және аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымды қызметтерін абыроймен атқарды. Республикалық саяси «Отан» партиясының Қызылорда қалалық, облыстық филиалының басшысы болып, партияның саяси тұрғыда қалыптасуына белсенді түрде қызмет жасады.
Сонымен, Сәкең кім болған? Әрине, күрделі тұлға. Ол туралы жазу да оңай емес. Ол кісі өзінің айтар ойын, сөйлер сөзін, жасайтын баяндамасын әрдайым өзі дайындап, қағаз бетіне түсіріп, ойын шашыратпай жеткізуге әбден дағдыланған. Сондықтан да бүгінгі дайындалған материалды да Сайлаубай Әбішұлымен сұхбат түрінде жүргізуді жөн санадық. Дұрысы да сол деп шештік. Сонымен алғашқы сұрағымызға көшелік.
– Балалық шақтың кейбір сәттері есте қалған болар, айтып берсеңіз.
– Біздің әулет өткен ғасырдың басында тағдырдың талқысы ма, әл де сол кездің замана тәртібі ме, тіршілік қамын іздеп Сыр бойынан қоныс тауып, жазда мал қамы үшін Сексеуіл сыртындағы Тербенбес тауынан әрі асып, жайлауға шығып, қысқы азық үшін Ақтөбе өңіріне барып, бидай алып бір ауылдың ұлы көші осылай ел кезіп , жыл бойына жүреді екен. Жалғыз біздің әулет пе? Барлық қазақтың тыныс-тіршілігі осылай болғаны ашық. Бұлай болмаған жағдайда қазағымның Ұлы даланы меңгеріп, игеріп әкетуі екіталай еді. Бірімен бірі құда болып, қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы-жиенді болып, шым-шытырық бүкіл қазақтар қауымдастығы арасында бірегей байланыстың орнатылуы елдің тұтастығын сақтауға ата- бабаларымыздың салған жолы ақиқат еді. Ешбір халықта жоқ генетикалық табиғи құрылымын мүлтіксіз сақтап келе жатқан өр тұлғалы көк бөрінің ұрпақтары болғанымызға да іштей мақтаныш тұтамыз. Жер бетіндегі алып елдердің тоғызының бірі болғанымызға да тәубешілік жасаймыз. Асыра сөйлеп, құр даңғазылықтан аулақ болып, болған іске бекем болып, дәстүр жалғастығын жалғастырып жатсақ, біздің перзенттік борышты атқарғанымыз.
Ұлы Отан соғысының жеңісінен кейінгі жылдың ақпан айының екінші жартысында (құжатта жазылуы 9 сәуір) Арал ауданының «Қуқора» елді мекеніндегі «Жалаңаш» көлінің жағасындағы бастырмада қарапайым балықшы – колхозшының Жақайым – Мүсірәлі баба ұрпақтарының жанұясында дүниеге келіппін.
Табиғаттың сол кездегі көрінісіне көз жіберсең, ешбір көзің тоймайды, не деген сұлу еді. Сол жағында айнадай жарқыраған «Райым» көлі, екінші бетінде «Ескіұра» елді мекені, ол киелі жерге қазақтың билерінің бірі Жетес би мәңгілікке орын тепті, Молда Бәйім жерленген. Жылғадай созылған Сырдарияның қалың тоғайы арасынан сырдың арғы бетінде «Қызылжа»р елді мекені көрінеді, одан әрі шекарасыз айдынды көл – «Қаракөл» сағымданады, оның оң жағында мен мұндалап көрінген жақайым әулетінің символына айналған атақты «Ақшатау» шыңы, оның айналасын сақинадай қоршаған, атам заманғы көк теңіздің көзінің жасындай мөлдіреген «Ақшатау» көлі жатыр, оңға қарай «Талды-аралды» бойлай қалың қамыс арасынан «Аманөткел» елді мекенін тасалай «Тұрсынбике» арал-шыңы тұр. Айнала бере таза мөлдір «Қамбаш» көлі анадайдан қол бұлғайды. «Қосжардың» ортасында ақшатырлы үйлер шағаладай тізбектеліп тұрғаны ерекше сән береді. Бұл ауыл Арал балықшыларының қыс айындағы астанасына айналғанына қаншама жыл болды. Балық аулаудың ережесін жасаған, заңдылығын қалыптастырған, балықшылар мен табиғаттың арақатынасындағы тәртіптілікті-сыйластықты орнықтырған қасиетті орын.
Мен үшін бұл өңірдің әрбір шақырым жері таныс, әрі ыстық; жаяу жүріп, мал қарадым, тезек теріп, отын жақтым; масақ теріп, қауын тасыдым; көл жағалауының пішенін орып, мұз үстінен қамыс ордым, дауылды күні ау салып, балық ауладым, мұз ойып, шыжым тарттым; не керек балалық шақтың қызығы мен қуанышын өзімнің қатар құрбыларыммен бірдей бөлістім; қиыншылықтарын бастан кешірдім, жетіспегендеріне неге болмайды деп, ата-анамызға ауыртпалық жасағанымыз жоқ, қолдан келгенінше қолқабыс жасадық. Бірақ теңдей бөлінген жоқ. Оны ешкім бөліп те берген жоқ. Ол әркімнің пешенесіне жазылған, мандайына біткен жауапкершілік міндеті ме деп ойлаймын.
Өзімнің ес білгендегі есімде жатталған үлкен қария, балалардың сүйіктісіне айналған Тәуекел ақсақалдың «бастарыңнан тықымай алайын» деген ойнақы-қуақы әзілін ауылдың әрбір баласы сағынатын-ды. Көпті көріп, көп жасаған қария, бірде 1958 жылдың көктемі болуы керек. Су тасқыны болып, водокачканы су алып жатқан кезінде айтқан сөзі: «Ой, заман-ай, әкем айтатын-ды, дейді: Бір замандарда «Райым» көлінің табанында бірде ылғал жоқ, аттылы адамдар арғы бетке жол салып қатынайды екен, көрдіңдер ме, елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген осы. Табиғат екеш табиғат та өз өңін өзгертіп, басқа бейнеге ауысып жатқанын. Бұл да уақытша тасқынды су. Әлі-ақ, шөлдейтін де уақыт болады. Тек адамдардың болған іске шүкіршілік жасағаннан басқа не шарасы бар. Иә,… деп күрсінгені бар-тын». Айтқандай-ақ болды емес пе. Содан бері де 63 жыл өтіпті. Табиғат та ұлы өзгерістерге ұшырауда. Ол да адамның қолымен жасалынуда … Әттеген-ай дегеннен басқа не шара бар?!
– Алғашқы әріп танып, мектепке баруың, білім бұлағынан сусындау әрбір балғын жастың басты арманы, өмірге батыл қадам жасауының негізі екені шындық. Мектеп баспалдағын қай ауылдан бастадыңыз? Не нәрсе есте қалды?
– «Райым» колхозының орталығындағы жеті жылдық мектепті бітіріп, Қамбаш орта мектебінде оқуды одан әрі жалғастырдық. Алдыңнан мұғалім шыққанда тоқтап тұрып, ізеттілік көрсету, содан кейін барып жүру тәртібінің қалай мектеп ішілік тәртіпке ендірілгенін, сондай-ақ сырт жерде кездескенде бас киімімізді алып инабатылық көрсетудің өзі ұлттық биязы мінезімізді бейнелегендей еді.
Сонымен, «Қамбашта» оқыған кезімдегі бақылаудың мықтылығы соншалықты, жатқан жерім, үйдегі Ақтамақ әжем, мектепте өзімнің сүйікті мұғаліміме айналған Үргенішбай ағай, ауылдан аттан түспей күнара менің есебімді сұрап отыратын коммунист әкем Әбіш болды. Бұның бәрі өзіме-өзім күнделікті есеп беруді қалыптастыруға, бұзақылық атаулыдан ада болуға, үлкеннің ақылын алып, кішіге қамқорлық жасауға, мектеп қабырғасында алып жатқан білімнің негізін шынайы толық меңгеруге, жаттампаздықтан аулақ болуға, сыйластықты жағымпаздықтан ажыратуға, жалған сөйлеп оңай бедел жинаудан бойыңды алшақ ұстауға, яғни, жақсы мен жаманның шекарасын айқындауға негіз болған шынайы жан- жақты тәрбиенің жемісі дер едім. Сол кездің өзінде байқайтынбыз, класта оқитын қыздар мен балдардың табиғи жаратылысы, ойлау қабілеті, жаңаны қабылдау деңгейі, өмірден алып жатқан тағылымы, не керек бір- біріне дегендегі сүйіспеншілігі мен сенімі, арман- ой тілегі бәрі- бәрі бір жерге тоғысып жататын-ды.
Математиканы ерекше жақсы көрдім. Мектеп оқулықтарындағы есептерді түгелдей шығардым десем артық айтқандық емес. Мен үшін өмірлік маңызы болған тұрақтылық пен турашылдықты қалыптастырған, озбырлық атаулыға көнбеген, дұрыс нәрсенің бұрыстығын дәлелдеуге тырысқандарға тиянақты жауап қайыруға дағдыландырған да осы пәннің ұстаздары болуы керек.
– Қандай мамандықты таңдадыңыз, өмір жолыңызға зер салсақ, алған мамандыққа емес басқа салада қызмет жасағансыз, оның қандай себептері болды?
– Мұғалім болуды армандадым. Өз мақсатыма жеттім. Таңдаған мамандығыңды алып, оны өз игілігіңе, ел мұратына пайдалану әрбір жастың бірінші кезектегі міндеті. Бірақ өзің өмір сүрген қоғам әрбір азаматтың қарымды іс-әрекеттеріне қарай тиісінше пайдаланатынын білгеніміз дұрыс. Бұл өмір заңдылығы, қоғам сұранысы. Қоғамда бос кеңістік деген болмайды. Ал бос кеңістіктің болуы бүкіл қоғамның дұрыс қалыптасып, алға қойған мақсатыңа жету жолына кедергі келтіретін бірден бір емі жоқ «ауру». Оның диагнозын дәл қоя білуіміз керек. Демек, өзіміз өмір сүрген қоғамның барлық тетіктері іске қосылмайынша көздеген мақсат үдесіне шығу екі талай.
Біз де, менің замандастарым да, аға буын өкілдері де өзіміз өмір сүрген кеңестік дәуірде барынша халыққа қызмет етуге, ұлттық мерейімізі көтеруге, асқақтатуға қолда бар мүмкіншілікті пайдаландық.
Арал аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс және «Аралрыбпром» комсомол комитетінің (аудандық құқықтағы) хатшысы, облыстық комитеттің насихат және мәдени көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, Шиелі аудандық комитетінің бірінші хатшысы болуым менің өмір жолымда жастармен жұмыс істеу ерекше орын алды. Комсомол менің өмірімде азамат болып қалыптасуыма, елді танып, білуіме, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешудегі түйінді мәселелерді анықтауға, халқымыздың өткені мен болашағын бағдарлап білуге, мемлекеттігімізді нығайтудың негізін айқындауға, тұрақты өмірлік саяси көзқарасымды қалыптастыруға, біз өмір сүрген қоғамның қай формациясы болмасын тек адамға (оның ұлтына, нәсіліне, жынысына, жасына қарамай) қызмет жасау үлгісін зерделей білуге, оны өмірге енгізуге, ұлттық намысымызды оятуға негіз қалаған барынша кең ауқымды өмір мектебі болды.
– Жастар ұйымында жұмыс істеу кезіңізде есте қалған бір оқиғаларды айтып бере аласыз ба? Ол да бір өміріңіздің бір кезеңі ғой.
– Қазақ жастарын республикада қойдын санын 50 миллионға жеткізуге ұран салуға дайындық жұмысын жүргізіп жатқан кезде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретары Өзбекәлі Жәнібековтың өз инициативасымен Қазақстан Магниткасын қазақ жастарымен толықтыру жөнінде атышулы қаулысы шықты. Біздің облыстың Қызылорда қаласынан 20, әр ауданнан 10- нан жас – жігіттерді комсомолдық жолдамамен Қарағандыға жіберу жөнінде белсенді жұмыс ұйымдастырылды. Мен осы тапсырмамен Орталық Комитеттің жауапты ұйымдастырушысы К.Бикенин екеуміз Қармақшы ауданында болып тапсырманы орындап, жастарды поезға мінгізіп, шығарып салып жатқандағы кейбір көріністер тіптен қызық еді. Құдды соғыстан кейінгі еңбек лагеріне аттандырып жатқандай сезілді. Халықтын көңілінен әлі арыла қоймаған сол қатал заманның ызғары байқалып тұрды. Бикенин осыны байқады ма, теміржол ресторанында онымен тамақ ішіп отырып мына сөзді айтты. Егер өміріміздің бәрі жақсы болса, идеалдық өмірді құрып алсақ, онда адам баласының өмір сүруінің несі қызық, есте қалатын ештеме де болмайды ғой, ана қараңызшы, терезедегі сүртілмей қалған бір нәрсені нұсқап, ол болмаса біздің көзіміз бірден далаға түсер еді, ал біздің назарымызды аударған оғаш нәрсе терезеге сән беріп, бізге ой салып отыр демесі, бар ма! Ал адам баласының ешқайсысының жаманы жоқ , жаман дегеннің өзінде де оның жақсы қасиеті бар. Оны біздер кезінде таба алмай өшіріп аламыз да, кінәні өзгеден іздеп, керек десеңіз қылмысқа итермелеп, жазалап түзеу колониясына да жібереміз. Ол түзеу орны емес, жаңағы біз аша алмаған жақсы қасиеттерінің орнына ашу – ыза кернеген зұлымдық атаулыны меңгеруге арнайы жіберіп жатқанымызды байқамаймыз. Ал біздегі түзеу орны деп жүргендеріміздің сиқы сондай, адамдардың санасына солай сіңген, айықпастай дерт болып жабысқан.
Жоғарыда айтқанымдай, қоғамның сұранысына сай өзіңді өзің билей алмайтындай кез де болады. Сондай мақсатпен жоғары биліктің тапсырмасына сай Шиелі ауданында комсомол жастар ұйымын басқаруға жіберілдім. Танымайтын, білмейтін ортада жұмысты неден бастау керек? Шиеліге келісімен аудандық көлемде сол кездің тәртібі бойынша, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімімен келісе отырып, оның меңгерушісі Жиенбек Молдабеков ағамның қолдауына сүйеніп «Туған жерге борышты екеніңді білемісің жас ұрпақ» деген тематикада диспут – комсомол жетекшілерінің сол кездің өмір шындығына ешқандай шектеу қоймай пікір – таласын өткізіп, бір-бірімізге дегендегі үлкен сенім қалыптастыра отырып, ортақ мақсат үшін күрестің бір тұтас идеялық тұжырымын айқындап алуымыз керек болды. Шындығында облыстық комитеттің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімін үш жарым жыл басқарған, тәжірибелі комсомол қызметкеріне жұмысты неден бастау керектігін айқындап алу болашақ саяси өмірдің нағыз баспалдағы екені даусыз құбылыс еді. Ол үлкен шараны өткізуді халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, еңбек майталманы, сырдың сырын, жерін бүкіл жер жаһанға танытқан даңғайыр еңбек иесі, атақты күрішші, мемлекеттік сыйлықтың иегері,екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ауылы «Қызылту» колхозының орталығындағы еңселі орталық клуб үйінде өткізуге келісім алдық. Колхоз төрағасы Жағыпар Рысманов, партия комитетінің секретары Оспанов Қазбек ағамыз еді. Ауыл клубында өткізілген іс-шараның ашықтылығы, ой-пікірдің еркін айтылуы, ортақ кемшіліктерді жөндеудегі әрбір жастың өз орны мен жауапкершіліктері туралы, ұрпақтар алдындағы үлкендердің парызының аз еместігін пікір таласқа қатысқан Социалистік Еңбек Ері, бұрынғы ССРО Жоғарғы Советінің депутаты болған апамыз Закира Ержанованың, аты аңызға айналған атақты күрішшілер бригадирі, Ленин орденінің иегері Оразымбетов Қойшыбайдың сөз сөйлеуі, жастар жиынының төрінде отырып, жастар пікіріне құлақ асқан Ыбекеңнің тұлғасының өзі неге тұратын еді.
Өткізілген шара туралы Мұрат Күлімбетовтің үлкен сараптамасы аудандық «Өскен өңір» газетінде орын беріліп, бұл істе бұрынғы аудандық комсомол комитетінің екінші секретары болған, терең білімді, халық даналығын бойына тереңірек зерделеген, сырбаз да әрі тынық, әрі талапшыл Зәкім Жайлыбаевтың қолдауы үлкен рөл атқарды. Іле –шала бұл материал кеңейтілген түрде «Ленин жолы» газетінің «Сыр түлегі» жастар бетінде жарық көріп, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланды. Бір ғана өткізілген іс-шараның осыншалық республиканың көлемінде насихатталып, әрбір жастың комсомол мүшесінің туған жер алдында борышыңды өтеудің қаншалықты маңызы барын, перзентік жауапкершілікті сезінуді қалыптастыруға негіз қалағаны соншалық, өз әріптестеріміздің арасында біздің беделіміз өсіп, абыройымыз асқақтағаны жасырын емес. Шындығы сол, кейде бізде әйтеуір өткізе салайықшы деген жиналыс, той-тобыр, сән-салтанаттар болып жатады, түпкі жетер мақсатымызды айқындап алмай, бағдарламасы белгіленбей өтті ме өтті, деушіліктен әбден таяқ жеп жүргеніміз аз да емес. Болашақ осыдан сақ болуымыз керек. Жастар тәрбиесі өндірістік ұйымдар жұмысымен, яғни, еңбек тәрбиесімен ұштасып жатпаса, бәрі бекер дүние. Қаншалықты тәрбиелі болғаныңмен, жұмыстың нақты нәтижесіне жете алмасақ, көпшіліктің қолдауына ие бола алмасақ, оның күнделікті тіршілік-тынысына қатысты материалдық игіліктерді өндірте алмасақ, қандай дәрежедегі басшы болсаң да бағаңыз белгілі.
– Көптеген жылдар бойы саясат сахнасында жүрсіз. Кеңес кезіндегі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, атқару комитетінің мүшесі, өткен қоғамда да, осы заманда да үлкен лауазымдық қызметтер атқардыңыз, қандай ой қорытындыларын жасар едіңіз?
– Қазір айтқанға жеңілдеу дүние сияқты болуы мүмкін. Әсте олай емес. Менің бұрынғы әріптестерім де айтар пікірімді қолдайды ғой деп ойлаймын. Аудандық партия комитетіне бюро мүшесі болып 27 жасымда сайлануым қосымша жауапкершілікті жүктеді. Жаңадан сайланған бюро мүшелері құрамында кешегі комсомол үлкен саяси қызметтің бел ортасынан орын алып, бюро мүшесі болып сайландым. Ойлануға да, ойлауға болатын үлкен оқиға. Жауапкершілік аясы кеңейді. Балалықты онша көп сезіне қоймаған азаматқа, бұл үлкен сенім, асқан жауапкершілікті міндеттеді. Міндеттеп қана қойған жоқ, кешегі күні ғана елге қадам басқан азаматқа, елдің тағдырын шешудің үлкен міндетін жүктеді. Бойыңды тіктеп әрбір басқан қадамыңды, сөйлеген сөзіңді, керек десеңіз көз қарасың мен күлген күлкіңе дейін, сәлемдесіп, қажет деп тапсаң, қабақ түйгеніңе дейін есепке алатын қалың жұртшылықтың таразы басына түскеніңді енді ғана байқағандайсың. Сол кездің шын мәніндегі, менің түсінігімдегі талабы да, халықтың тілегі де осылай болды ау деп ойлаймын. Шиелі өңірінде жиырма жыл қызмет істеген кезімде, одан кейінгі Арал ауданындағы жұмыстарымда осы қағиданы үнемі басшылыққа алдым деп сеніммен айта аламын.
Алғашқы аудандық партия комитетінің бюросының қараған мәселесі, оның шешімі, шым-шытырық пікір тартыстары менің өмірімде өшпес із қалдырды. Бір ғана нәрсені түсіндім. Саясат сақынасында отырған әрбір жауапты адамның байқамай сөйлеген, ойсыз айтылған, дәйексіз фактілері мен біреуге деген өшпенділік сезіммен пікір айтуға ешуақытта да бой көрсетуге болмайтындығы, қайта бұндай қиын сәтте дұрыс түсіністік тауып, ортақ шешім қабылдауға, біреуге қиянат жасамай-ақ, тәртіп тезіне салуға ақылдылықпен келу қажеттілігін жете түсінгендей болдым.
– Кіммен кездессем де, сырлассам да айтатын ақылы елмен бірге болу, үлкендердің ақылын алу, саяси басшылықтың шешіміне сай жергілікті жердің жағдайын толық ескере отырып, олардың әлеуметтік жағдайына аса мән беріп, қалың көпшіліктің мұқтаждарын орындауға қолда бар мүмкіншілік жасау, асыра сілтеуге жол бермеу, билік жасауға ұмтылмай, сол билікті көпшіліктің өз аузынан айттыру арқылы, орындаушылық жұмыста да жауапкершілікті олармен бірге бөлісу қажеттілігіне үнемі назар аударуды қажет етеді. Әркімнің туған жері ыстық, оған ешкімнің қиянат жасауға мүмкіндік бермейтін де шындық. Айналайын балам, шындығы сол, сен енді халықтың көз алдындасың, ешкімді де алдай алмайсың, сенің жасырын іс-әрекетің де жұрттың арасында өсек әңгіме дейміз-ау, сондай жолдармен тарай береді. Одан әрдайым өзіңнің бойыңды аулақ ұстауға тырыс. Бұл саған ешкіммен араласпа деген сөз емес. Қайта елдің тыныс-тіршілігін білуге деген әрдайым бойыңда талпыныс болсын деп үнемі айтатын-ды.
Мемлекеттік құрылымының басшылығында отырған адамның, лауазым иесінің екі үлкен міндеті бар. Басқарып отырған салаңды жетік білу, оны басқа ортамен сабақтастыра, байланыстыра жүргізу, перспективасын алдын ала ойлай білу, болуы ықтимал құбылыстарды көре білу, өз жаныңа пікірлес инициативалы топты құрып, олардың жұмыс істеуіне моральдық, материалдық қамқорлық жасауды (біреулердің есебінен емес, уақытты дұрыс пайдалану …) бірінші кезекке қойған дұрыс секілді. Өз серіктестеріңіздің ұсыныс пікірлерінің жүзеге асырылуына қамқорлық жасағанда сергектік қажет. Ол ұсыныс пікірлердің басқа біреулерге, қоғамдық өмірге, өндіріске қиянаты болмауға тиіс. Ал, оның мазмұны мен мәніне терең барлау жасамай, асығыс шешім қабылдау екінші жақтың сөзсіз қарсылық жасауына, пікір таласын тудыруға, өз дегеніне жетпеген жағдайда шағымдануға, арыздануға дейін барады.
Ал осы жағдайларды болдырмау, барлығына байыпты баға беру, толмасын толтырып, артығын «сылып» тастау, оны да өздерімен ақылдаса отырып шешу әрбір басшының екінші үлкен міндеті. Сондықтан да мемлекеттік басшылықта отырған лауазым иелерінің, азаматтарды әртүрлі мәселелермен қабылдау жұмысын ұйымдастыруды заңдылық дәрежесіне дейін көтеріп отырғаны осыларға байланысты-ғой. Демек, бірлік ұғымын қалыптастыру тек басшының міндеті деп түсіндірмей, әрбір лауазым иесінің қоғам алдындағы, халық алдындағы төл міндетің болып қалуы керек. Бар жақсылық атауы – тіршіліктің саналы перзенті адамға қызмет жасауы тиіс. Қазақ қонағын қалай құрмет тұтып сыйласа, өмірдің қонағы адамға да бәріміз бірдей қызмет жасауға тиіспіз. Сіз де, біз де, бәріміз де осы қағиданы сіңіріп негіздеу керек.
– Сіз халықтық бақылау органында көп жыл қызмет жасадыңыз. Билік пен халықтың ортасындағы мемлекеттік-халықтық орган болғанынан да хабарымыз бар. Қазіргі таңда сол мемлекеттік құрылым қажет пе? Халықпен байланыс қалай болды?
– Шындығында ол кездегі халықтық бақылау органы заман талабынан туындаған құрылым болатын. Өз міндетін абыроймен атқарған құрылым болды деп есептеймін. Заң талаптарын орындаудағы қабылданған үкімет шешімдері мен қаулыларының орындалуын қатаң бақылайтын мемлекеттік орган болатын. Өзім солай ойлаймын. Талап дәрежесінде жұмыс атқарғанымды сол кездің кадрлері жақсы біледі. Қарапайым халықтың өтініш-тілектеріне өте сергек қарап, лауазым иесіне де, шағымданушыға да иіліп, біржақтылық шешім қабылдағаным жоқ. Сондықтан да болар қарапайым халықтың аудандық халықтың бақылау комитетіне үлкен сенім артып, өз өтініштерінде бүкпесіз шындықты айтып, көмек сұраған кездері аз болған жоқ. Ешбір өтініш те, ұсыныс та ескерусіз қалған емес. Менің бұндай жағдайдағы өмірлік ұстанымым төмендегінше қалыптасқаны белгілі. Сізге біреу келіп, қабылдауыңызда болды делік. Бұл жерде әңгіме, ол адамның сізден қамқорлық күтіп, әділеттік іздеп, жетіспейтін көңіл кірін жуғысы келді, бір сөзбен айтқанда үлкен үміт сәулесін күтті. Ал сіздің міндетіңіз, меніңше ол адамның көңіл күйін толық түсінуге тырысыңыз. Сәл кідіріс жасап, өзіңізді сол адамның орнына қойыңыз, көтеріліп жатқан мәселенің салмағына қарап баға беруге тырысыңыз. Бірақ адамгершіліктің өрісінен шықпаған, заңның негізін, Ел басшысының саясатын басшылыққа алып, түсініктеме жасаған дұрыс. Әңгіме шиелініскен жағдайдың өзін де, сіз тарапыңыздан ашу шақыру, дауыс көтеру, қызмет буына семіруден аулақ болған абзал. Егер қажеттілік туындаса пікірлесіңіздің түсінігіне уақытша болса да сәйкестенудің артықшылығы жоқ, қайта бір-біріңізге тілектестігіңіз арта түседі. Бірақ сәл де болса уақыт жұмсауға тура келеді. Ақыр соңында адамдар арасындағы қатынастың нығайуына негіз болып, түсініктік артады, сенімділік қалыптасады. Яғни, демократиялық тепе-теңдіктің фундаменті қаланады. Адамдардың ойлау, тұжырымдау, баға беру дәрежесінің теңдестірілуі біздің қоғамымыздың өміршеңдігінің қайнар көзі. Ал әрбір басшының қарапайым адаммен қарым қатынасындағы тәрбиелік жұмысы осыған негізделу керек секілді.
– Біраз басшылармен қызметтес болдыңыз. Қайсысын ерекше айтқан болар едіңіз. Олардан қандай тәлім алдыңыз?
– Комсомолдағы қызметте Абылай Айдосовтың орны ерекше еді. Аудандардағы қызметте Орынбасар.Бәйімбетовтің шаруашылықты жақсы білетіндігі, Сейілбек Шаухамановтың жұмыс тәсілдері маған ерекше ұнайтын-ды. Көптеген басшылармен қызмет жасаған кезімдегі психологиялық үлкен өзгерістерден неше түрлі қорытынды шығаруға болар еді. Мына пікірді айтуға тура келеді. Адам адам болып адамзат планетасын құрағаннан бастап бір-біріне деген сүйінспеншілігі неше түрлі формада беріліп келеді. Оның формасын бір модулге салып түсіндіру артық айтылған пікір болар еді, қажет деп тапсаңыз ол мүмкін емес. Адам саны қанша болса оның модулі сонша. Керек десеңіз біреуге деген сүйіспеншілігіңізді өз бойыңызда сақтайсыз. Оның бұны сезбеуі де мүмкін. Бірақ ол «пенденің» өзіңіз түсінгендей жақсылығын бойыңа дарытуға ыңғай жасайсыз. Ал уақыт кезеңі өтісімен ол да көмескілене береді. Немесе жаңа өріс алады. Бұл кезең адам бойындағы қоғамдық өзгерістерге байланысты көзқарастардың өзгеру кезеңіне сәйкес келеді.
Адамның өмірлік позициясының тұрақтылығын анықтайтын уақыт таразысы міне осы. Кімнің кім екенін баға беретін де осы кезең. Өтпелі кезеңдерде байсалдылық танытып қоғамдық дамудың заңдылығын дұрыс түсінген кадр еш уақытта өз коллективінен, ортасынан, халқынан, елінен алшақтанбайды, қайта солардың ортасында бар жауапкершілдікті мойынға алып, өз тілеулестерімен бірге жаңа кезеңге қол ұстасып аттанады.
Жүру сапарыңыз ұзақ па, жақын ба, оған байланысты емес, тек жұқпалы қасиет жағымпаздықтардан сақтандырсын. Ол өзінше қамқоршы, тілеулес, ал кейде уақыт сәтін пайдаланып әкімгершілік тұтқасын ұстауға делдалдық қызмет көрсетуге дейін арсыздық жасайды. Ал оның шын бейнесін дұрыс көрмей, бағаламаған адам оның мықты қақпанына қалай түскенін өзі де байқамайды. Бұның өзі өзіңіздің осалдығыңыздың белгісі екенін бірден сезініңіз, ақылға салыңыз, қорытынды жасаңыз. Адамға жасаған қамқорлығыңызды саудаға салудан аулақ болыңыз. Керісінше жағдайда, сіз, жағымпаздардың өмір сүруіне жағдай жасайсыз, құлқын құмарлығыңызға жол ашасыз, тосқауыл қою мүмкіндігіңізден айырылып, ел басшысы деген дәрежеден жұрдай боласыз. Ал, бұның өзі титықтап жинаған абыройыңыздан бір қағым сәтте айырылуыңызға себепші болады. Сондықтанда кімді үлгі тұтасың дегеннен гөрі, азамат деген атқа дақ түсірмей абырой биігінде болғанға не жетсін.
– Сіз шаруашылық саласында да біраз уақыт жұмыс жасадыңыз. Колхоз, совхозды басқару оңай шаруа емес. Билік басындағылармен де тіл табысып жұмыс істеу өз алдына. Дегенмен, есіңізде қалған кейбір жайлар жөнінде ой тастасаңыз. Мүмкін кейбіреулерге сабақ болар.
– Арал ауданында «Приарал» совхозын, Шиеліде Ленин атындағы колхозды басқардым. Екеуінің географиялық жағдайы да, мамандандырылған саласы да, уақыт кезеңі де, аудандардағы басшылардың басқару әдістері мен деңгейі де әртүрлі. Барынша еңбек еттік. Оңтүстік аудандағы бір жайға назар аударайын. Абырой болғанда 1992 жылы 1200 гектар бидайлықтан 28 центнерден, 2500 гектар күріштіктен 55 центнерден өнім алып, басқа да ауылшаруашылығы дақылдарынан жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, қолдағы бар ірі қараға жеткілікті мөлшерде тек қана жоңышқадан жем-шөп дайындап, сенаж, силос дайындаудың жоспарын асыра орындап, колхоздың әрбір жан басына 150 кг-нан бидай, 200 кг-нан күрішті аула алдына түсіріп беріп, колхозшылардың еңсесін көтеріп отырған кезде, келесі жылдардың егісі үшін қажетті тұқымды 2-3 класты кондицияға жеткізіп, күздік дала жұмыстарының дайындығына жанар-жағар майдың тапшылығы өз алдына, оны басшылық тарапынан қолдан кедергі жасап бергізбесе, одан артық қандай жаза болуы керек еді.?! Менің жеке ұйғарымыммен колхозшыларға жасап жатқан қамқорлығымның аудан әкіміне ұнамайтынын білемін. Себебі, басқа жерлерле бұлай емес қой. Сол кезде, ауылға Шымкент қаласының қорғасын заводында қызмет жасайтын қырыққа да жетпеген, бірақ жігіт ағасы болып үлгерген Әбдіқасым Зайынұлы Сыздықов келіп, елдің табысына риза болып, қуанышына ортақтасып, өзінің не нәрседен қол үшін беруін, азамат ретінде ұсыныс айтты. Алдын ала ешқандай шарт та қоймастан, туған жерге деген шын ықыласын білдіріп, жанар-жағар маймен қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Мен өзім шынымен бұл жігіттің адалдығына, мәрттігіне, сөзі мен ісінің арасындағы беріктігіне әлі күнге қайранмын.
Айналдырған он күннің ішінде Павлодар мұнай айыру заводынан екі цистерна солярка, бір цистерна бензин, Ақтөбеден бір камаз карбид, Шымкенттен әртүрлі маркадағы жүз аккумулятор табан астында жеткізіліп, колхоздың абыройын одан әрі асқақтатқан жанға неге риза болмайсың. Бұл жеткізілген жанар-жағар май тек қана мен үшін емес, бүкіл ауданға қызмет жасады. Кешегі сұраушының роліндегі колхоз төрағасы, бір сәтте жарылқаушының кебінін киіп шыға келді. Аудан басшылығының өздері жасаған кінәләрін өздерінің мойындауына шамалары да келмей, он үш шаруашылық басшылары азаматтық танытып, ризашылықтарын білдірді. Бұл, Әбдіқасымның елдің қиын-қыстау кезеңіндегі атқарған шаруасының тек қана бір тармағы еді. Кейіннен бұл азаматпен он жылдан кейін қызметтес болдым. Сол адамгершілігі, азаматтылығы сол қалыпта сақталып, қоғам өзгерсе де, біреу бай болып, жарлы кейпіне түссе де, Адам деген атты иеленген азаматты таныдым. Үлкендігін көрсетеді де тұрады. Адамның жақсы қасиеті де сол деп бағалаймын, ол кім болса да: мейлі үлкен лауазым иесі ме, қарапайым қызметкер санатындағы пенде ме, әлде біреудің кемшілігін айтуға талпыныс жасаған адам ба, әлде өзін-өзі көрсетуге тырысқан жағымпаз бейнесіндегі тіршілік иесі ме, Әбдіқасым, олардың айтар ойын толық тыңдай отырып, ешқайсысын да өзінің бойынан алшақтатпай, бәрін де қолдаған ыңғай танытып, татулыққа, бірлікке ұмтылған жол табуға тырысатыны. Менің бір байқап ойымды түйіндегенім, ол еш уақытта сезімге берілмей, біреудің ығына жығылмай, өз ойының дұрыстығына әбден көзі жеткенше жеңіл шешім қабылдаудан бойын аулақ ұстап, адам көңіліне дұрыс жол табуға ұмтылатыны шынымен таң қалдырады. Бұл басшымын деп өзін-өзі тәрбиелеген азаматтың адамгершілік аясының кеңдігін де жатса керек. Кең болуда кез-келген ақылды пенденің қолынан келе беретін іс емес. Азаматтылық, Адамгершілік, Ақылдылық бәрі қосылып Адамның асыл қасиетін ардақтайтын тұтастай дүние. Меніңше уақыт кезеңіне сай, тарихи өлшемге келгендегі елінің беретін бағасы да, батасы да осы болады ғой деп ойлаймын.
– Қазіргі таңда дін туралы, халық бұқарасын жаңа саясатқа бейімдеп, тәрбиелеуде діннің рөлі жөнінде не айтар едіңіз?
– Жалпы, менің түсінігімде адам баласы өмір сүрген қай заманда да, қай қоғамда да белгілі бір нәрсеге сенім болған. Ал ондай сенім болмаған кезде адамдар арасындағы қарым-қатынаста қайшылықтар мен қиғаштықтар, озбырлықтар мен жәбірленушілер, неше түрлі айла-шарғылар өмірге келіп, өз дегенін жасаған. Адам баласы өзінің дүние танымындағы жеткен жоғары адамгершілік, ақыл-ой, парасат, құрмет, сыйластық формасындағы қалыптасқан әдет-ғұрып, салттардан үнемі айырылып отырғаны сіздер мен біздерге құпия сыр емес. Оны алыстан іздемей-ақ күні кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы идеясыз жүргізген саясатымыздың қалың елге берген тәрбиесі неге әкеліп соқты?! Сондықтан да тұтастай бір елдің халықтың, қауымның бірлігін сақтау, негізін қалыптастыру ата-баба дәстүрі болып келе жатқанына қаншама ғасыр болды. Ғасырлар бойы адам бойына құйылып, қалыптасқан діни сенім – соның ең негізгісі екені даусыз. Ол ешкімнің қаражат жұмсап, шығындалуына да, оқытушыларынсыз-ақ шәкірттер табуына да, адамдардың арасында адамзаттың асыл қазыналарын кейінге ұрпаққа қалдыруына да оған қарсы тұрушылар ешқандай сойқан құрал таба алған жоқ. Оның өміршеңдігінің сыры, адамның жан сезімінің осал буынын дәл тауып, оның тіршілік үшін күнделікті іс-әрекетіне бағыт – бағдар беруін де болып отыр. Сондықтан да діни кітаптарды оқу, үйрену, тоқу, меңгеру біз үшін қажеттілік. Одан еш уақытта ұтпасақ ұтылмаймыз. Мен өзім ойлаймын, Мемлекет болып, ел болып тамаша өмір сүру идеясын ұсынып жатқан заңдардың адам бойына тез қабылданбай жатқанының сыры тіршілік иесінің күнделікті өмірінен алшақ жатқандығында ма деп те ойлаймын. Себебі әр адам, лауазым иесі заңнан аттап өтуге әуестеніп алғаны соншалық, оған тиым салар әзірге бірде бір қасиетті күш табылмай отыр. Ал, біздің мұсылман қауымының қасиетті, киелі кітабы «Құраннан» аттап өткен саналы перзент бар ма?! Бар деп айта алмаймын. Бірақ ойланатын жерлеріміз баршылық. Сондықтан да Ата Заңның қасиетті Кітап мұраларымен үндестігін сақтай отырып, әрбір азаматтың өзінің ары алдындағы есебін біздің мемлекетіміз қабылдап жатқан Заң тұжырымдарымен баянды етсек, қазіргі тіршіліктегі қиындығы мол қоғамның «көлеңкелі» көп жақтарынан арылған болар едік. Бұл нәтижеге жету үшін бізге тек шынайы шындық, адал бәсеке, ақыл-ой жемісі, іскерлікке негізделген табыс өмірге келу керек. Оңай шаруа деп айта алмаймын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші болашаққа сенім артушылардың керуен кемесінің жұбы ажырамасын деп тілеймін.
– Сәке, сіз аудандық партия комитетінің хатшысы кезінде де, ауданның мәдениет бөлімінің басшысы ретінде де творчество қызметкерлерімен тығыз байланыста болдыңыз. Жалпы мәдениет атаулыға өз түсінігіңіз?
– Жалпы, өзімнің табиғатымда қызметтің қай саласында болсам да адамдармен жұмыс жасағанды, жақсылармен кездесіп пікір алысқанымды, ой бөліскенімді, өмірдің қандай бір кезеңдерінде қиындыққа душар етуші себептерді ашып көрсетуді, болашақ оны болдырмаудың жолын алдын-ала тиып тастауды кейінгі ұрпаққа өнеге, өсиет етіп қалдыруды мақсат тұтқам, тәлім-тәрбие алуға өмірдің шынайы көрінісінен үйренсе екен деп тіледім. Ақын-жазушылар қауымымен көбірек кездесіп, олармен сыр бөлісуді өзімнің адамдық та, азаматтық та парызым деп есептеймін. Ол жандар табиғаттың тылсым күшін өз бойына жинап, бүршік атар кезін үнемі аңсай отырып, өз жанын түсінуге ұмтылған пенделеріне ғашықтық сезімін ұялмай-ақ жеткізетін адамдардың ерекше жаратылыстары деп бағалаймын.
Жалпы ақын-жазушы атаулыға жақсы сөз арнау керек, жылы сөздерді олардың жаны күтіп тұрады, мақтаса екен дейді, олардың әрбір айтқан өлең шумақтарындағы сөздердің мағынасынатерең үңілсе екен дейді, жан сезімін бөліссе екен дейді, бәрі бір сенің айтқан сөзің де, ойың да, іс-әрекетің де ол адамдар үшін ұнамайтыны сөзсіз. Олар өзін дүниедегі биік таудың шынар шыңына теңейді. Ал басқаның өлшемі өздеріне өлшем болмайтынын осыдан-ақ түсінерсің.
Мәдениет саласының қызметкерлері халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттауды тек мәдениет орындарының сақынасында ғана емес, күнделікті тұрмысымызда да, ара-қатынасымызда да берік енуіне барлық жұртшылықты шақырған болар едік. Тойлар өткізуді: үйлену тойы ма, мерей той ма, қыз ұзату ма, сүндет тойы ма, бәрі-бәрі мәдениет орындарының негізгі жұмыс формасына айналдыруды дұрыс деп санаймын. «Өнерді үйрен де жирен» дейтін дана халқымыз және де «Өнер алды қызыл тіл» деп тағы қояды. Шешендік, тапқырлық сөздерді жинақтап, зерттеп, ел мұрасына айналдыру біздің бүгінгі парызымыз болуы тиіс. Әр ауылдың өзінің мұражайының болуына кім қарсылық жасайды, ол сол ауылдың өткені мен бүгінгісін байланыстыратын тарих емес пе? Тарих белесінен өткен ауыл азаматтарының келбеті мен бейнесін бүгінгі ұрпақ алдында елестетіп қана қоймай, тәрбие жұмысының негізгі құрамына айналдырмас па едік. Тарихи ескерткіштер көненің көзі-тарихтың өз сөзі екені бәрімізге мәлім.
Ауыл мәдениетін әңгіме қылғанымызда тек қана жоғарғы айтылған факторлардан ғана тұрмайтынын, әр ауылды, елді мекенді көгалдандыруға, көркейтуге, көрнекілігіне ерекше мән беруді, көшелер мен әр үйдің мәдениетіне дейін назарда болуын талап етуді қажеттілік деп санаймыз. «Ауылына қарап азаматын таны» деген ойдың шындығы осы болар.
Демек, біздің күнделікті тіршілік-тынысымыз, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз, адамдар арасындағы қарым-қатынаспен қатар, жер ананың төл перзенттері-жер, су, өсімдіктер дүниесі арасындағы үйлесімділікті қалыптастырып, тіршілік өзегіне айналдыру жоғары мәдениеттің аксиома ретіндегі белгісі деп қабылдағанымыз дұрыс.
– Қаланың ардагерлер ұйымын төрт жыл басқардыңыз. Әрбір буын өкілдерінің өзі өмір сүрген қоғамдағы атқарған қызметі қалың көпшіліктің көз алдында. Сіз, ардагерлермен жұмыста қандай ой түйіндеген болар едіңіз?
– Уақыт өмірге «Ардагер» деген абыройлы атақты алып келді. Ардагерлер – қоғамымыздың алтын қоры. Ардагер атану үлкен мәртебе, абыройлы атақ. Олар – тірі тарих, ел шежіресі. Тәуелсіздігіміз солардың маңдай терімен,қанымен келген бақыт. Олардың кеудесі алтын сандық, ойы қазына, сөзі шежіре. Кәзір қаламызда 30 мыңға жуық адам мемлекеттен зейнетақы, жәрдемақы алады. Олар қандай құрметке де лайық.
Қарт адамдар халық құрамындағы қай қоғамда болса да өмір сүретін әлеуметтік топ. Атаңа-анаңа қалай қызмет көрсетсең, ертеңгі күні сағанда ұл-қыздарың солай қызмет көрсетеді, ұяда нені көрсең, соның жемісін ертеңгі күні әуелі өзің татарсың. Бұл қағида әрбір мекеме басшысына да айтылған пікір деп санаңыз.
Қазіргі біздің қоғамдағы қариялар, аға-буын өкілдері, замандастарымыз ХХ ғасырда тарихи кезең – социалистік кезеңді бастан өткізді,екіншісі – ел егемендік алған қоғамда өмір сүруде. Екі кезеңнің қарттары бір-біріне жалғасқан толқын,әрқайсысы өз заманының перзенттері,қариялық бейнесі. Адам әр түрлі қартаяды. Бәрінен де сәнімен қартаю – абырой,сыны мен сыйын қашырмай, әдемі қартаю – өнеге. Жалпы қартаю табиғи заңдылық. Қарияларды, сіздердің замандарыңызда былай болған деп сынап, мінеу қазіргі жастарға жараспайтын іс, себебі кім-кімде болса да сол заман уақытысына қызмет жасайды, қазіргі жастар да сол сияқты.
Адамның пешенесіне бір-ақ рет жазылатын өмірінің жауапкершілігі де аз емес. Олай дейтініміз, үлкендік – өмірлік тәжірибенің сарапталар шағы, ақылдың арнасына түсіп, парасаттың пайымдалар тұсы, сана мен ойдың орнығар кезі,өзіне – өзі есеп берер шақ.Бұны біздің әрбір қариямыз таразы басынан өткізіп жүргенін білеміз.
«Өмірдің мәні неде?» дегенде, жан тазалығы – имандылық, ар тазалығы – мәрттік, тән тазалығы – адалдық,қол тазалығы – әділдік, деп барға қанағат тұтып, шүкіршілік жасап, тәубаға келгенге не жетсін. Ойлы сөз , әрбір іс-әрекет ой иесіне абырой әкеледі.Бұл әрбір жастағы адамға ортақ қағида болып қалыптасуы тиіс. Қазақи тәрбиенің негізі осыдан бастау алса нұр үстіне нұр болар еді.
Кейінгі толқын жастар аға ұрпақтан аталы сөз,азбас ақыл, үлгі-өнеге,қамқор көңіл, кемел кісілік күтеді.
Ақсақалдық жасаған жасына берілетін атақ емес. Ол орамды оймен, өрелі тұлғасымен,айтар ақылымен, жүріс – тұрысымен, көркем мінезімен елдің сеніміне ие болған адам, ел ағасына лайық абырой – беделдің иесі. Отыратын орнын,сөйлейтін сөзін,жүретін жолын білетін құрметті қарт.
Жалпы өмір сүру – қоғамға, айналасына, отбасына қажет болу, тындырған ісің болсын, айта жүрер өнегең болсын. Ұзақ өмір сүргіміз келеді, жарық дүниеге кім тойған. Алайда «Кәрілік деген қуаныш емес» дейді халық даналығы. Аурудың емі бар, кәріліктің емі жоқ. Қарттық өткенді еске сала беретіні бар. Бұл жастық шақты сағыну, аңсау болар. Сондықтанда болар әрбір үлкен адам қай заманда да өз балаларына, ұрпақтарына көңілі толмай өткен, қазірде де солай. Бұл өмір заңы, өмір тағылымы. Қарттықтың да құлы бола бермеу керек. Ақылмен қартая білу де керек. Қапы қалмай өмір эстафетасын, өмір жалғасын балаларға дұрыс тапсырудың қамын ойлаған абзал. Ақсақалдың көркі – әділдік, шыншылдық пен мейрімділік. Түптеп келгенде, ақсақал дегеніміз даналықтың қазынасы.
Қалай десек те өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді. Өмір – керуен көш, адам – жолаушы, талай өткелден өтеді. Қарттық – Тәңір заңы, табиғи заңдылық, Тәңір сыйы. Көп үлкеннің бірі болдық. Жеткен де бар, жетпеген де бар, тәубе, шүкіршілік дейік.
– Сұрағымыз жеткілікті болды-ау деймін. Өмір болған соң оның шексіз болуы да ақылға сыймайлы ғой. Жетпіс бес жас аз ғұмыр емес, оны қалай өткізгеніңізге байланысты емес пе? Ой қорытсаңыз.
– Бұл өмір бізге нені үйретті. Саясаттың сан қырлы өлшемін болжап білмейтін, шешуін табудың сара жолының жоқ екенін, дер кезіңде жасаған іс – әрекетіңе саналы түрде салмақты ой тастауға, зерделеуге, әрдайым өз арыңның алдында күнделікті есеп беруге талпыныс жасатты.
Қым-қиғаш ой-пікірлердің, қызмет тұтқасын ұстаған лауазым иелерінің көзге көрініп, кейде көрінбей жасайтын «шабуылдарына» тосқауыл қоятындай өзіңнің білімің мен біліктілігің, ақыл-ойың, өмірлік тәжрибең уақтылы іске қосылмаса тіршілік ету айдынындағы «тартыс» сені өмір деген мұхиттың бос кеңістігінің жағалауына ысырып тастайды. Сондықтан да айтарым: кімдермен жұмыс жүргізіп жатқаныңды біл, жазықсызды орынсыз ренжітуге болмайды; пікірлесіңді өзіңнен ақылсыз екен деп баға беруден аулақ бол. Сөзін тыңдап, ісін істеуді әбден ойланған дұрыс; өзіңді қандай ортада болмасын лайықты қоя білуің керек. Өзгені сыйлата білу өзіңді қадірлей білуден бастау алары сөзсіз. Әрдайым осыны ойлан; тегіннен тегін жасалынған сыйға асқан сақтықпен қарау керек. Оның астарында айтылмаған айла да, жасырынып жатқан міндеттемелердің барын әрдайым есте сақта; мықтымын деген адамдардың іс-әрекетін қайталаймын деп, не оның ізбасарымын деп көп әуестене берме. Оның абыройын, беделін өз бойыңа жинақтаймын дегенше одан да көп еңбек жұмсауыңа тура келеді. Біреудің көлеңкесі болғаннан жақсы абырой жинай алмайсың. Өз бойыңдағы өзіңе тән қағидамен өз жолыңды белгіле; мүмкіншілігің келсе адамға қамқорлық жаса, қолыңнан келмесе ол адам туралы тек қана жақсылық ойла.
Тәуелсіздігіміздің көк туы биікте желбірей берсін-деп тілейік.
– Отбасыңыз жөнінде айтып өтсеңіз. Қандай құрметті атақтарыңыз бар ?
– Қызылорда қаласының«Құрметті азаматымын». Жұбайым Гүлсайран Жұмашқызы – зейнеткер, екі ер балам-келіндерім, үш қызым, олардан тараған алты немерем бар. Құдайға шүкір, тәуелсіз еліміздің іргетасының берік болуын қазақ елінің азаматтары ретінде еңбек етіп жатыр.
Сұхбаттасқан Бегімбай ҰЗАҚБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.