Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Бокс: әлем чемпионатында ширек финалдық шайқастар басталды

ВАРШАВА. 19 сәуір. Бүгін поляктың Кельце қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында ширек финалдық шайқастар басталды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Чемпионатқа әлемнің 52 елінен 2002-2003 жылдары туған 414 жас жігіт пе қыз қатысуда.

Дүрмекті додада Қазақстанның жігіттер және қыздар құрамалары қатарынан 10 былғары қолғап шебері ширек финалға шықты.

Осы кезге дейін күндізгі сессияның жекпе-жектері толық ойналып бітті. Онда қазақстандық 7 былғары қолғап шебері қарсыластарымен ұрыс салысып үлгерді. Нәтижесінде 5 боксшымыз жеңіске жетіп, 2 спортшы жарыс жолынан шығып қалды. Демек, қазірдің өзінде бес саңлағымыздың медаль алатындары белгілі болып отыр.

Сонымен, біздің спортшылар сапынан 1/4 финалдық айқасты 56 кг салмақтағы Ерболат Сабыр бастап, кубалық Сайдел Иван Хорта Родригез Дель Рейден 3:0 есебімен басым түсті. Бұдан кейін 64 кг салмақтағы Сабыржан Аққалықов кубалық келесі боксшы Дариен Фавьер Кастроны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Ал 75 кг салмақтағы Диас Молжігітов литвалық Александр Трофимчукті 5:0 есебімен еркін жеңіп шықты. Осы А рингіндегі соңғы шайқаста 91 кг салмақтағы Мәди Әміров үндістандық Вишал Гуптаға 2:3 есебімен есе жіберіп алды.

Бұл күні В рингіндегі ұрыстарды бастап берген 54 кг салмақтағы боксшы қызымыз Айшагүл Елеубаева алаң иесі – поляк Каролина Ампульскадан 0:5 есебімен ұтылды. Бұдан кейін 69 кг салмақтағы келесі қызымыз Жасмин Қизатова итальян Мелисса Геминиді 5:0 етіп ұтып шықты. Ал 49 кг салмақтағы бағланымыз Санжар Тәшкенбай Ташкенттен келген өзбек Иброхим Ишжоновтан тап осындай есеппен басым түсті.

Бүгін түнде бізден 75 кг салмақтағы Дана Дидай венгер Богларка Варгамен, 60 кг салмақтағы Елнұр Сүйінбай бразилиялық Юри дос Рейспен, 51 кг салмақтағы Гүлнар Тұрапбай моңғолиялық қазақ қызы Күлән Алтынбекпен медаль үшін шайқасады. Ұтқандар медальдар ауылына қарай аяқ басады.

Әлем чемпионатының шайқастарын YouTube-тегі AIBA Boxing арнасынан көруге болады.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button