Қытай өз вакцинасының пайдасы аз екенін мойындады
БЕЙЖІҢ. 12 сәуір. Қытайдың халықаралық мәселелерге жауап беретін жоғары лауазымды шенеунігі өз елінде шығарылып жатқан коронавирустың алдын алуға арналған вакциналардың тиімділігі аз екенін мойындады. Бұл туралы «Немецкая волна» радиосы хабарлады.
Қытай шенеунігі өз елінде шығарылып жатқан екпе дәрілерінің тиімділігі төмен екенін, сондықтан оларды басқа қоспалармен араластыру керек екенін айтты.
Қытайдың ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі орталығының басшысы Гао Фу сенбі, 10 сәуір күні елдің оңтүстік-батысында орналасқан Чэнду қаласында өткен баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасады.
Орталық жетекшісінің айтуынша, препараттар «қорғаныстың өте жоғары деңгейін қамтамасыз ете алмайды». «Қазір бізде иммунитетті көтеру процесі үшін әртүрлі техникалық өндірісте жасалған вакциналарды қолдану керек пе, жоқ па? – деген сұрақ туындап отыр», – деді ол.
Гао Фу өз сөзінде Бразилияның клиникалық сынақтарынан өткен Қытайдың Sinovac Biotech Ltd. фармацевтік компаниясы препаратының небәрі 50, 4 пайыз деңгейінде ғана тиімділік көрсеткенін жасырмады.
Сонымен бірге, компанияның өзінің мәліметі бойынша, препарат ковидтің ауыр жағдайдағы 80 пайызын кері қайтара алады. Қытайдың Sinopharm компаниясының басқа екі препараты тиісінше 79,3 және 72,5 пайыз деңгейінде тиімділік танытқан. Ал биофармацевтиканың алыбы – CanSino компаниясы вакцинасының тиімділігі 65 пайыздан қайырылған.