Ресейлік белсенді хаттаманы коми тілінде толтыруды талап етті
СЫКТЫВКАР. 17 ақпан. Коми белсендісі өзі үшін жазылатын хаттаманың коми тілінде жазылуын талап етті. Бұл туралы «Национальный акцент» хабарлады.
Санкцияланбаған митингіге қатысушы коми белсендісі Алексей Иванов өздеріне қатысты хаттаманың бір данасы коми тілінде жазылуын талап етіп, толтырылған құжатқа қол қоймады.
Белсендінің айтуынша, 28 қаңтар күні оның жұмыс орнына полицейлер келіп, жас жігітті хаттама толтыру үшін бөлімшеге алып кететіндерін айтады. Бірақ құжат жазылып болғаннан кейін Иванов оған қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартады. Ол хаттаманың дереу коми тіліне аударылып жазылуын талап етеді. Себебі, РФ-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 24.2-бабында іс қағаздарын ұлттық республикаларда екі тілде жүргізілетіні атап көрсетілген. Осыдан кейін құқық қорғаушылар оны босатып, жұмыс орнына жіберуге мәжбүр болған.
Кейін Иванов сотта өзіне тілдерді білу мен үйрену жөнінде жөнсіз сұрақтар қойылғанын мәлімдеді.
«Олар мені ұдайы сотқа шақырып, қалыпты жұмыс істеуіме мүмкіндік бермейді… Мен олардың ыңғайына қарай жығылып, аудармашы қызметіне жүгінуге тиісті емеспін. Мен тек өзімнің ана тілім – коми тілінде ғана ойымды еркін жеткізе аламын. Бұған судьяның неге ашуланатынын да түсінбеймін», – дейді ол.
РФ-ның Коми Республикасында 1992 жылғы 28 мамырда «Коми Республикасының мемлекеттік тілдері туралы» Заң қабылданған. Онда орыс тілімен қатар коми тілінің де республикада мемлекеттік тіл болып табылатыны жазылған.