Алматы облысында білім басшылары парамен ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 3 ақпан. Кеше Алматы облысында білім басқармасының бастығы Майгүл Омарова бастаған үш лауазымды қызметкер парамен қолға түсті. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
«2021 жылдың 2 ақпанында Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова мен облыстық білім беру саласындағы ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығының директоры Арапби Менлыбаев ұсталды», – делінген хабарламада.
Аталған істің ыңғайында облыстық білім басқармасының күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы Бақыт Абдолданованың да есімі аталады.
Осы үштік пандемия кезінде мектеп оқушылары үшін қашықтан оқытуға қажетті 2 522 ноутбукты мемлекеттік сатып алу барысында орасан зор пайда көрген. Жалпы сомасы 406 млн теңгеге бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасаған.
Омарова, Меңлібаев және Абдолданова жеке-жеке тергеу абақтысына қамалып, олардан 37 650 000 теңге тәркіленді. Бұл қаражатты басқарма басшылары тендер ұтқан компаниялардан пара ретінде алған.
Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.