Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев парамен қолға түсті

АСТАНА. 3 тамыз. Қазақстан көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев пара алу үстінде ұсталды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған нұсқаларда Аблалиевтің пара алу фактісімен ұсталғаны айтылуда. Атап айтқанда, 78 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара алғаны және заңсыз мүдделерді қорғаумен айналысқаны туралы болжамдар тарады.
Elmedia таратқан мәліметке сәйкес, республикалық маңызы бар автожол құрылысына техникалық бақылау жүргізген компанияларға қамқорлық көрсету мақсатында қаражат аударылған болуы мүмкін. Бұл туралы тергеу барысында мәлім болды.
«Тергеу бұл әрекетті жай ғана отбасы тарапынан көрсетілген қолдау емес, республикалық жолдардың құрылысын қадағалаған компанияларға қамқорлық үшін төленген ақы деп санайды», деп хабарлады басылым.
Арнайы операцияны елордадағы жаңадан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бөлімі жүргізген.
Сәтжан Әйтенұлы Аблалиев 2023 жылғы 6 қазаннан бері Қазақстан көлік вице-министрі қызметін атқарып келеді. Ол бұл қызметінің алдында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.
Сәтжан Аблалиев 1970 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, «Биікжал» ауылында туған. Ол Алматы автомобиль-жол институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы және Қазақ қатынас жолдары университетін «инженер-экономист» мамандығын бойынша бітірген.






