Қазақстанда балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды
АЛМАТЫ. 8 қаңтар. Қазақстанда бұдан 6 жыл бұрын, 2014 жылы таратылған балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды. Бұл туралы «Sputnik-Қазақстан» хабарлады.
Қайта құрылған комитет Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында болады.
Саланың жеке ведомствоға біріктірілуі балық өсіруге, тұтынуға және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға мүмкіндік береді деген мақсатты көздейді.
Сонымен қатар, Экология министрлігі Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі жолдауында елімізде балық шаруашылығындағы әлеуеті зор екенін мәлімдегенін ескере отырып, осындай қадамға барып отыр.
Айта кетейік, бұрын елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамында болған балық шаруашылығы комитеті 2014 жылы таратылған болатын.
Осы кезге дейін балық ресурстарын қорғау, тиімді пайдалану және көбейту саласындағы мемлекеттік саясатты экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті жүргізіп келді.