Аралдықтар ата кәсібі – балықшылықты дамытуды жалғастырып келеді
АРАЛ. 4 тамыз. Қызылорда облысының Арал ауданында осы өңір жұртының ата кәсібі – балық шаруашылығын дамыту қарқынды қолға алынып жатыр. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хабарламада атап көрсетілгендей, қазір аудан аумағында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Оның 17-сі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілген, 3 көл резервте тұр.
Биыл Кіші Арал теңізінен 6 920 тонна балық аулау лимиті бекітіліп, 6 651 тонна балық ауланып, 2 430 тоннасы өңделді.
Ауданда жылдық қуаттылығы 24 000 тонна 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның 2-уі «Еврокод» белгісін алған. Бұдан басқа 10-нан астам шағын балық цехы бар. Биылғы 1 шілдедегі көрсеткіштерге қарағанда, 1 266 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған.
Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілген. Бағдарламада тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін аудандағы 7 тауарлы көл тізімге енгізілді. Бүгінде 3 тауарлы көлге инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленді.
Жоғарыда аталған бағдарлама аясында тоғанда балық өсіру жобасы қолға алынған. Жол картасы аясында биыл қолдан балық өсіретін 7 тоған ашу жоспары бар. Былтыр тоғанда балық өсіру бойынша 3 жоба («Ерімбетжаға», «Жаңақұрылыс», «Бекбауыл») іске қосылған. Тоғанда негізінен сазан, ақ амур, дөңмаңдай балықтарының шабақтары өсіріледі.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ