Өнердің өршіл адамы өзінің өрелі орнын тапты (видео)
Арман Жүдебаев - Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы
АСТАНА. 26 мамыр. Қазақстанның еңбек сіңірген еңбек қайраткері, талантты күйші Арман Жүдебаев Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдениет комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы өз мәнбелеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі осыған байланысты Facebook әлеуметтік желісінде өз қуанышын білдіріп, өнер қайраткерін құттықтаған жазба (пост) қалдырды. Ол өзінің дерегіне «Өнердің өз адамы – Арман Жүдебаев мәдениет комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды» деген бастақырып қойып, өнерсүйер қауымнан сүйінші сұрады.
«Отызында орда бұзып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, талантты дирижер – Арман Жүдебаев араға 5 жыл уақыт салып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды», – деп атап өтті ол.
«Арман бауырымыз осы күнге дейін жинаған мол тәжірибесін пайдалана отырып, мәдениет саласындағы қордаланып қалған, кезек күттірмес ауқымды жұмыстардың түйінін шешіп, іске асырады деген сенімдемін», – деп ойын білдірді Қалдыбек Құрманәлі.
«Мәдениет комитетінің төрағасы қызметіне өнердің өз адамы келгеніне қуана отырып, Арман Жүдебаев бауырымды, мемлекеттік жауапты лауазымға тағайындалуымен шын жүректен құттықтаймын», – деген лебіз танытты композитор сосын.
Автор жазба соңында министр Асхат Раздықұлы Ораловқа, вице-министр Нұрғиса Дәуешовке қазақ мәдениетін биік белестерге көтере беруге тілектестік білдіреді.