Кузбасста жаңа шор әліппесінің бірінші сабағы өтті
КЕМЕР. 17 желтоқсан. Ресейдің Кемер облысының Перегеш аалында жаңа шор әліппесінің тұсаукесері болды. Бұл туралы ОРТ телеарнасы хабарлады.
Хабарламада бұл оқулықтың шорлар үшін аса маңызды оқиға болғаны айтылып жатыр.
Түркі тілді аз санды шор ұлысы Алтай баурайында, Кемер облысының таулы беткейінде тұрады. Олардың жалпы саны 5 мыңнан асады.
Көркем безендірілген оқулық Санкт-Петербургте басылып шығыпты.
«Бұл – біз үшін мереке. Мұнда біздің киімдеріміз бен шығармашылық ұжымдарымызға дейін берілді. Бәрі шындыққа сәйкес келеді», – деді оқулық авторларының бірі Наталья Чепсаракова.
Аталмыш жобаға 4 сыныпқа дейінгі оқу сабақтары енгізілген.
Шор жобасы Ресейде Солтүстік, Сібір және Қиыр Шығыс халықтары үшін шығарылып жатқан осындай 30-шы оқулық болып отыр.
Енді шор тіліндегі А әрпінен басталатын бірқатар сөздерді көрсетейік:
аал – ауыл
аар – ауыр
аас – ауыз
аба-иче – әке-шеше
абра – арба
ағ – ақ
ағаш – ағаш
ағыл – ақыл
ағыш – ағыс
адай – ит
адаш – адаш (аттас)
ада-эне – ата-ана
ажыг – асу
азақ – аяқ
азық – азық, сақтаулы тамақ
ай – ай
айақ – аяқ-табақ, ыдыс
айас – айқын
Дауысты дыбыстарының қосарланып келуі жағынан қасындағы хакас, алтай, тыва туыстарына, сосын қырғыз бен гагауз халықтарына ұқсайды.
Айтқандай, шорлар орыстарды «қазақ» деп атайды. Сондықтан «Орыс-шор тілашары» дегенді «Қазақ-шор ербектери» деп атайды. Ал «Орыс-шор сөздігі» дегенді «Қазақ-шор үргедек сөстік» деп жазады.