«Қайсарға» жаңа бас жаттықтырушы тағайындалды
ҚЫЗЫЛОРДА. 17 желтоқсан. Бұдан екі күн алдын Қызылорданың «Қайсар» футбол командасына жаңа бас жаттықтырушы тағайындалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Сыр бойының бас қаласының футбол жамағатын енді оның 50 жастағы түлегі Сұлтан Әбілдаев басқарады. Оның штабына Қанат Шерімбетов пен Ерлан Шойтымов енді. Бұлардың екеуі де – команданың өз түлектері.
Мұның алдында клуб басшылығының Ерлан Шойтымовты бас жаттықтырушылыққа ұсынғаны, бірақ оған облыстық әкімдіктің келісім бермегені жайлы ақпар тараған еді.
Сұлтан Әбілдаев «Қайсарды» бұдан бұрын да екі рет басқарған. Алдымен 2009 жылы «Қызылжарды» жаттықтырып жүрген жерінен арнайы шақыртумен келді. Алайда, нәтижеге көңілі толмағасын, көп ұзамай өз еркімен қызметінен кетті. Ал 2016 жылы командаға бірінші лигада алтын медаль алдырып, премьер-лигаға шығарып берді.
Сұлтан Тоқатайұлы Әбілдаев 1970 жылы 21 наурызда Қызылорда қаласында туған. 1988 жылдан бастап «Қайсардың» (ол кезде – «Мелиоратор») құрамында алдымен жартылай қорғаушы, кейін қорғаушы болып ойнады. Жалпы, команда сапында 1988-1992, 1993, 1999-2002, 2003-2005 жылдары 13 маусымда 340 ойын өткізіп, 54 гол соқты. Кубок үшін жарыстарда 25 ойынға шығып, 3 доп салды, 3 халықаралық матчқа қатысты. Бұдан басқа, «Аңсат» («Ертіс», Павлодар) командасында 1993, 1994-1995, 1996-1998 жылдары 6 маусым ойнап, 118 кездесу өткізді,15 доп түсірді. Бұған қоса, 1996 жылы «Қайратта» – 9, 2002 жылы «Атырауда» 20 матч (1 гол) өткерді. Сонымен, Қазақстан чемпионатында барлығы 487 рет алаңға шығып, 70 гол соқты. Ал Қазақстан құрамасының жейдесін 3 рет киді.
«Қайсар» биылғы футбол маусымын 11 команданың ішінде 7-ші болып аяқтады. Ол 20 матчтың 6-ында ұтты, 6 кездесуді тең бітірді, 8 ойында ұтылды. Жинаған ұпайы саны – 24. Өзі 20 гол соғып, өз қақпасына 23 доп жіберіп алды. Команданың ең үздік мерген шабуылшысы грузин Элгуджа Лобжанидзе 13 ойында 7 гол соқты.
Команданы соңғы жылдары басқарған болгар маманы Стойчо Младенов мансабының соңында біраз ұрыс-жанжалға ұшырап кетті.