«Еңбекке баулу» пәніне арналған жаңа оқулық жарыққа шықты
АЛМАТЫ. 16 қыркүйек. Білім беру жүйесіндегі жаңа бағдарламаға сәйкес «Атамұра» баспасынан «Еңбекке баулу» пәні оқулығы басылып шықты. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Жаңа оқулық балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға дағдыландырады», – делінген хабарламада.
Оқулық биылғы оқу жылынан бастап 3-сынып оқушылары үшін жаңа бағдарламаға сай оқытылатын «Еңбекке баулу» пәніне арналып шығарылды.
Аталмыш оқулық арқылы мектеп оқушылары еңбекке баулу бағытында теориялық білім алып қана қоймайды, сонымен қатар күнделікті өмірде жиі қолданылатын тұрмыстық заттар үлгілерін қолдан жасауға машықтанады. Мысалы, кітаптың «Сәндік-қолданбалы өнер» тақырыбына сәйкес берілген материалдары бойынша қазақтың ұлттық ою-өрнектері тарихымен, оның түрлерімен танысып, ерекшеліктеріне қанығады. Сол сияқты сабақта алған білімдерін пайдалана отырып, өз қолдарымен қазақы оюларды ойып, қоржын, кілемше жасауды үйренеді.
Сабақ барысында оқушылар аталған заттарды жасауға қандай құралдар қажет екендігін анықтап, тұрмыстық заттардың қандай материалдардан тұратынын (киіз, барқыт, былғары, мата) анықтап, олардан бұйым жасауға бағыт ұстайды. Атап айтқанда, балалар оқулық беттеріндегі үлгілерді басшылыққа ала отырып, матаны бүктейді, қияды, оған кесте салып, инемен жұмыс істеуге дағдыланады. Сосын өздері жасаған сөмкелер мен қоржындарына «Мүйіз», «Қошқармүйіз», «Гүл», «Өркеш» сияқты ұлттық оюларды салады. Оны моншақ пен зер сияқты әшекейлермен безендіреді. Оқушылар матаны немесе қағазды қию, жабыстыру барысында қолдары, саусақтары икемді бола түседі. Еңбекке қабілеті артып, шыдамды, тыңғылықты болуға, қажет нәрсені өзі жасап алуға және айналасын таза ұстауға үйренеді. Затты сәндейтін бояуларды таңдау, оюларды дәл қажет тұсына орналастыру арқылы оқушылардың қиялы дамиды, суреткерлік талғамы мен түрлі түстерді сезіну қабілеті артады.
Оқулықта қосымша материалдарды қолжетімді ететін және оқушылардың оқу материалын игеруге мүмкіндік беретін QR-кодтар орналасқан. Оған сабақ аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін және кілемше мен қоржын сияқты бұйымдарды жасаудың шығармашылық барысын көрсететін электронды нұсқасы қоса беріліп отыр.
Біздің елімізде алғаш рет шығып отырған осындай өнегесі өлшеусіз оқулықты Гүлмерей Мұратқызы, Ардақ Қазыбекқызы және Ерболат Кісімісов секілді мамандардан құралған авторлар тобы дайындады.