Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Тывада Сергей Шойгуге арналған кітап таныстырылды

КЫЗЫЛ. 13 желтоқсан. Бұдан екі күн алдын Тыва республикасының астанасында тыва халқының даңқты ұлы Сергей Шойгуге арналған кітаптың таныстырылымы болды. Бұл туралы ARD хабарлады.

«Кызылда өнертану докторы Зоя Кыргыстың Ресей Батыры Сергей Шойгуге арнап жазылған «Хур-Кужугеттің қара-қызыл жылқылы ұлы Сергек» ертегі-мифінің тұсаукесері өтті», – делінген хабарламада.

Біз осыған қарап, Сергей Шойгудің тываша аты «Сергек» екенін білеміз. Ал тываша «сергек» сөзі орысшаға «трезвый» деп аударылады екен. Демек, бұл біздің қазақ тілінде де – сергек.

Тыва мәдениет орталығында Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Тыва республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнертану докторы Зоя Кыргыс өзінің жаңа кітабы – «Хур-Кужугеттің қара-қызыл жылқылы ұлы Сергек» ертегі-мифін оқырман назарына ұсынды. Фолиант Тыва мәдениет министрлігі мен «Хоомей» халықаралық ғылыми орталығының қолдауымен жарыққа шыққан. Ол жоғары сынып оқушыларына, фольклоршілерге, этнографтарға және көпшілік оқырманға арналған. Мәтіннің өзі үш тілде – тыва, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.

Кітаптың мазмұнында Тыва республикасының Қара-хол деген жерінде тұратын кужугет тайпасының өзіндік дәстүрлі мәдени ерекшеліктері көрсетілген. Автордың алғысөзінде айтылғандай, кітап «Хоомей» халықаралық ғылыми орталығы мен Тываның дәстүрлі мәдениетін және қолөнерін дамыту орталығы қызметкерлерінің Соргут Сут-Хол кожууны жеріндегі Манчурек шатқалына жасаған музыкалық-этнографиялық экспедициясы материалдарына негізделген. Шығармада XVI ғасырдың Батыс Тыва аумағында тыва халқы пайда болған кез сипатталған.

Этнографиялық материалдарды жинау барысында туынды авторы Зоя Кыргыс тыва фольклорының көзі тірі жыршысы Шоран Ооржакпен ұзаққа созылған жемісті байланыс орнатады. Оның балалар ертегілерін орындаудағы эстетикалық шеберлігі авторға айрықша әсер қалдырды. Бұл оған кужугет ұрпағы Сергей (Сергек) Шойгу туралы ертегі-миф жазуға шабыт берді. Ертегінің бас кейіпкерінде Сергей Шойгудың өмірбаянына қатысты аллегориялық параллель бар.

Кітап керемет суреттермен безендірілген. Автор Зоя Кыргыс мұнда суретші-безендіруші Радомир Балған жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтеді.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button