Омбы облысында күзетші сайлауда әкім болып сайланды
ОМБЫ. 13 желтоқсан. Омбы облысының Новоомбы елді мекенінде мектепте күзетші болып істейтін әйел сайлауда жеңіске жетіп, кенттің әкімі болып сайланды. Бұл туралы НГС55 хабарлады.
Күзетші әйел соңғы 14 жыл бойы әкім болып келе жатқан бәсекелесін жеңіп кетті.
«Омбы облысы Омбы ауданының Новоомбы елді мекені кеңесінің депутаттары әкімшіліктің жаңа басшысын сайлады. Бұл лауазымға тек екі адам дауысқа түсті, оның біріншісі – осында 14 жылдан бері әкім болып келе жатқан, енді төртінші мерзімге сайлануды көздеген 62 жастағы Артур Лен, екіншісі жергілікті мектептің қарауылы Надежда Чекмарёва болды», – делінген хабарламада.
«Новый Омск» басылымының хабарлауынша, жергілікті депутаттар әйелді тек баламалы негіз үшін керек етілген техникалық кандидат деп ойлаған. Алайда, әйел алты дауыс алып, қарсыласын жеңіп кеткен. Ал іс басындағы әкім бұдан екі есе кем дауыс жинапты.
Бұл өзі ауылдық кеңестің төрағасы болып табылатын ол үшін күтпеген нәрсе болды.
Айта кетейік, Ресейде биылғы қыркүйек айында осыған ұқсас оқиға орын алды. Кострома облысының Чухлом ауданындағы Повалиха елді мекенінде әкімдіктің еден жуушысы болып жүрген Марина Удгодская деген әйел осылайша «техникалық үміткер» ретінде дауысқа түсіп, нәтижесінде жеңіске жетіп, әкім болып сайланып кетті. Ол іс басындағы әкім Николай Локтевті жолда қалдырып кеткен болатын.