Қызылорда облысының экс-әкімі 7 жылға сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. 13 желтоқсан. Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов 7 жылға сотталды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Үкім әлі өзінің заңды күшіне енген жоқ. Сот отырысы 10 желтоқсан күні болды.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылған экс-әкім Қуанышбек Ысқақов жазасын орташа қауіпсіз колонияда өткізеді. Ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сотта сонымен бірге, оның екі орынбасарына 6 жыл мерзім тағайындалды. Ал осы іске қатысы бар екі туысы 5 жылға түрмеде отыру жазасына тартылды.
Сотталушыларға Арыс қаласындағы апаттан кейінгі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін облыс мемлекеттік қызметшілерінің бір күндік жалақысын аудару есебінен жиналған және «Сыр мейірімі» қорының осы жұмыстарға бөлген ақшасын пайаланып кетті деген айып тағылды.
Аталған іс бойынша жалпы саны 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өткен жөн. Жоғарыда аталған 5 сотталушыдан басқа қылмыстық іске 4 кәсіпкер мен Қызылорда облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы тартылды. Оларға қатысты шын өкінуіне байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.