Сыр бойында әртараптандыру дәстүрі сәтті жалғасып жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. 23 қараша. Қызылорда облысында егіншілікті әртараптандыру үдерісі сәтті жалғасын тауып келеді. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
«Биыл судың тапшылығына қарамастан, Сыр елінде күріш өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 15 мың тоннаға артық жиналды. Гектарына 61,8 центнер өнім алынып, 550 мың тоннадан астам күріш қамбаға құйылды», – делінген хабарламада
Облыста экономиканы әртараптандыру арқылы жаңа өнімдер өндіріліп, экспортқа шығатын тауарлар саны көбейді. Мәселен, биылдан бастап алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніс пен помидор жеткізілді. Ал Германияға 420 тонна қамыс жөнелтілді. Жалпы, әлемнің 17 еліне Сыр елі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортқа шығарылды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің эскпорты біршама жоғарылаған. Пандемияның кедергі келтіріп тұрғанына қарамастан, сыртқы нарыққа өнім шығару көлемі 12 пайызға көбейген. Оның 98 пайызын қайта өңделген өнімдер құрайды.
Келесі жылы Қазалы ауданында жаңбырлатып суғару тәсілімен егілетін 87 гектар жүгері, Жаңақорған ауданында томат пастасы өндірісін ашуға бағытталған 3 мың гектар жерге помидор егу жоспарланып отыр.