Қызылордада әлеуметтік-экономикалық дамудың жайы талқыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. 6 сәуір. Қызылордада аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысын талқылауға арналған жиын өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысы жайында шолу жасады. Басқосуға қала мен аудандар әкімдері, басқарма, департамент және аумақтық инспекция басшылары қатысты.
«Кәсіпорындардың толық өндірістік қуатпен жұмыс істеуі, қажетті шикізатпен қамтамасыз етілуі, инфрақұрылымның қолжетімділігі және дайын өнімнің нарыққа өткізілуі мұқият бақылауда болуы тиіс. Аймағымыздың экономикасына тиімді үлес қосатын өндіріс бағыттарын дамыту және іске қосу шараларын ұйымдастырыңыздар», – деді аймақ басшысы.
Ол құрылыс жұмыстарының бекітілген кестеге сай орындалып, нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қадағалауды тапсырды. Бұл үшін облыстық құрылыс басқармасы қала, аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, қалыптасқан оң динамиканы сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыруы керек.
«Егін науқанына дайындық күнделікті тексеріліп, көктемгі дала жұмыстары кедергісіз, сапалы және уақытылы жүргізілуі тиіс. Ұйымдастырушылық шаралардың барлығы уақытылы іске асырылып, жұмыс барысы тұрақты бақылауда болуы керек», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, рейдтерді тұрақты жүргізу, жұмыссыздық деңгейін төмендетуде тиісті шаралар қабылдау, салық базасын ұлғайту, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру мәселелерін міндеттеді.






