Сыр елінде індетке қарсы дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар
ҚЫЗЫЛОРДА. 23 қараша. Қызылорда облысында ковид-19 пандемиясымен күресуге керекті препараттың екі айлық қоры жасалып қойылған. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Аймақта коронавирус инфекциясының болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жұмыстары күшейтілген. Халыққа бірінші кезектегі қажетті дәрі-дәрімектің екі айлық қоры жасақталған. Мұнан бөлек, тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңге қаржы бөлінген.
Бүгін Астанада берген брифигінде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осының жайын баяндады.
«Індетпен күресте өкпені жасанды жолмен желдететін аппарат (ИВЛ) санын 244-ке жеткіздік. Бұдан басқа, 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Қажетілігіне қарай 21 инфекциялық стационарда 3200 төсектік орын дайындай аламыз. Жақын күндері 200 төсектік жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Облыста жақында медицина мамандары үшін 44 санитарлық автокөлік берілді. Сонымен бірге, демеушілер есебінен облыс орталығында көп бейінді ауруханада оттегі станциясы іске қосылса, Қазалы ауданында тағы бір сондай станция пайдаланылуға берілмекші. Емдеу мекемелерінде маман тапшылығын болдырмау мақсатында 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв қалыптастырылып қойылған.