Футбол. Қазақстан чемпионаты: Бір турда – төрт сенсация!
АЛМАТЫ. 21 қараша. Бүгін Алматыда ойналған футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасы 19-турының алғашқы 4 ойыны күтпеген нәтижелер әкелді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Турдағы бірінші сенсация алдымен алаңға шыққан «Шахтер» (Қарағанды) – «Астана» (Астана) командалары арасындағы кездесуде тіркелді. Матчтың 90 минуты біткенге дейін мұнда кеншілер командасы 3:0 есебімен басым түсіп тұрды. Тек қосымша уақыттың 1-минутында ғана еліміздің экс-чемпионы бір голдың қарымтасын қайтарып, ірі есеппен ұтылудан аман қалды. Ал ойынның есебін 7-минутта Руслан Мингазов ашқан еді. Қарағандылықтардың үздік шабуылшысы Сергей Зенёв 24-минутта қарсыластар қақпасына екінші допты салды. Үшінші доп үзілістен кейін көрінген Еркін Тапаловтың еншісіне тиді.
Осының артынша алаңға шыққан бәселекестер арасында «Жетісу» барлық болжам бойынша қалайда «Таразды» ұтуға тиіс болатын. Десі басым еді. Бірақ ұта алмады. Қайта ұтылды. Ойындағы жалғыз допты 28-минутта қорғаушы Деян Болевич түсірді. Бұдан кейін екі жамағатта да есепті жаңартудың мүмкіндіктері болды. Алайда, таблодағы көрсеткіш сол қалпынан өзгермеді.
Үшінші ұшырасу үшінші орыннан үміткер Шымкенттің «Ордабасысы» мен Қызылорданың «Қайсары» арасында өтті. Ежелден дерби саналатын екі команданың кездесуі әр кез қайшыласқан жағдаймен ерекшеленетін. Ал бұл жолы қай қисынның қиығынан қарағанда да, «Ордабасы» жеңуі тиіс-тін. Біріншіден, оған чемпионаттың қола жүлдесін алудың үміті жақын тұр. Екіншіден, «Қайсардың» көптеген легионерлері жақында контракт мерзімі біткеннен кейін командадан кетіп қалған-ды. Олардың арасында Элгуджа Лобжанидзе, Реджиналдо, Александр Колев секілді команданың қуатын танытып келген шетелдіктермен бірге өзіміздің Марк Гурман деген белді ойыншы бар. Бұған қоса, бүгінгі ойынға шыққанымен, кетудің қамында жүрген Александр Марочкин мен Максим Фединнен көп нәрсе күту қиын еді. Үшіншіден, өзінің де кететін белгілі болған болгариялық бас бапкер Стойчо Младенов пен ойыншылардың арасы қазір онша емес-тін. Айтқандай, онымен жақында жаға ұстасып, дүйім елге мәлім болған Бағдат Қайыров осы матчқа қатысқан екен.
Міне, осындай жағдайға қарамастан, қызылордалықтар бұл кездесуде ірі есеппен жеңіске жетті. Олар екінші таймда бәсекелестері дарбазасына жауапсыз үш гол салды. Оларды Иван Граф (52) пен Асхат Тағыберген (69, 75) өз есептеріне жазды.
Төртінші сенсация бұдан бірқатар уақыт бұрын чемпиондыққа мерзімінен бұрын қол жеткізген Алматының «Қайрат» мен Петропавлдың «Қызылжары» арасында ойында өмірге келді. Аса тартысты өткен матчта чемпион 2:3 есебімен ұтылып қалды. Ондағы бірінші голды алматылық Данияр Үсенов 15-минутта түсірсе, қызылжарлық Максим Драченко 22-минутта пенальтимен есепті теңестірді. Содан кейін қонақтар Шота Григалашвилидің 26-минутта соққан голы арқасында алға шықты. Бірақ 33-минутта қайраттық Андрей Ульшин таразы басын қайта теңгеріп үлгерді. Осы есеп ойынның соңына дейін барды. Тек 90+2-минутта Тимур Мульдинов өз командасын алға шығарып, солтүстіктерге жеңіс алып берді. Рас, бұл ойында қайраттықтардың негізінен жас ойыншылары өнер көрсетті…
Турды Ақтаудың «Каспий» және Көкшетаудың «Оқжетпес» командаларының кездесуі жапты. Бұл ойында ақтаулықтар, көпшілік күткендей, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Олардан Руслан Сахалбаев (11) пен Билял Себаихи (78) гол соқса, қарсыластарынан Артем Дмитриев (83) жауап қайтарды.
Енді биылғы чемпионаттың аяқталуына 3 тур қалды. Соңғы, 22-тур 30 қараша күні ойналады.
Турнир кестесі
(21 қарашадағы жағдай) |
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|