Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Карлюкевич: «Қазақстанға шығармашылық достық үшін тағзым!..»

Әдебиеттің әңгімесі

Алматыда «Қазақстан-Беларусь» әдеби-көркем альманағы баспаға дайындалып болды. Соңғы жылдары осылайша қазақ және белорус ақындары мен жазушыларының туындылары бірінші рет бір мұқабаның аясында шыққалы тұр. Кітап орыс, қазақ және белорус тілдерінде жарық көреді. Беларусь жазушылары арасынан альманахқа Микола Метлицкийдің, Алесь Бадактың, Юлия Алейченконың және басқа да ақындар мен жазушылардың шығармалары енген. Кітаптың белорус бөлігінің туындыларын іріктеуге, корректурасына байланысты жұмыстарды «Звязда» баспа үйі атқарды. «Созвучиенің» осыған қатысты сұрақтарына «Звязда» баспа үйінің директор-бас редакторы Алесь Карлюкович жауап береді.

– Алдымен бұл жоба жайлы өзіңіз аз-кем айтып беріңізші, мархабат…

– Қазақстан жазушылар қауымдастығының бұрыннан мұндай альманахтарды шығару жөнінде Ресей жазушыларымен ынтымақтастық құрған жақсы тәжірибесі бар. Осы тектес кез келген шығарылым өзінің лайықты қошеметін алып жүр. Олардың тұсаукесерлері Қазақстан мен Ресей Федерациясында өткізілген. Әлбетте, белорус-қазақ әдеби альманағын басып шығару идеясының өзі адамға қатты әсер етеді. Мұндай таза нышандық жұмысы үшін тек қазақстандық әріптестерімізге, Қазақстан Жазушылар одағына шексіз ризалығымызды білдіруіміз керек. Белорус әдебиетіне жақын шығармашыл тұлғалардың Қазақстанда негізі қаланған осы нағыз эпицентріне міндетті түрде алғыс айтуға тиіспіз. Ең алдымен – Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қазақтың тамаша ақыны Ұлықбек Есдәулетке, оның әріптестері – Кенжехан Матыжановқа, Любовь Шашковаға, Бақытжан Қанапьяновқа, Светлана Ананьеваға, Қайрат Бақбергеновке, Валерий Михайловқа, Ғалым Жайлыбайға, Шөмішбай Сариевке, Дәурен Қуатқа, Амантай Ахетовке, Үміт Тәжкенге, Нұрдәулет Ақышқа, Әлімжан Хамраевқа, Авут Масимовке, Князь Мирзоевқа, бұлардан да басқа көптеген жазушыларға, аудармашыларға, әдебиеттанушыларға тәнтіміз. Тап осы кісілер қазіргі кезеңдегі белорус-қазақ әдеби, мәдени, гуманитарлық байланыстарын дамытуға жол ашып беретін алуан түрлі бастамаларды көтеріп жүр.

– Енді Беларусьте де белорус-қазақ әдеби достығын нығайту бағытында біраз нәрсе жасалып жатқан шығар…

– Әрине. Қазір Беларусьте қазақ ұлттық әдебиетіне оқырман назарын аудару ісіне серпін беруде қолға алынып жатқан тұтас бір жобаларды санап шығуға болады. Бұл тұрғыда Беларусь Жазушылар одағы, оның басшылары – шығармашылық одақтың төрағасы Николай Чергинец, төрағаның бірінші орынбасары Елена Стельмах үлкен белсенділік танытуда. Олардың қатарында Олжас Сүлейменовтің Минск Әдебиетшілер үйіндегі кездесуі, аты аңызға айналған Олжас Сүлейменовтің жаңа аудармалары (тәржімашы – Беларусь Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Микола Метлицкий) белорустің «Полымя» әдеби-көркем журналында жарық көруі, Абайдың «Дала кеңістігі» атты жинағының белорус тілінде (оның да аудармашысы – тағы ақын Микола Метлицкий, оның шығармашылық жетістігін  Халықаралық беделді «Алаш» сыйлығымен бағалаған қазақ достарымызға рахмет) басылып шығуы секілді біршама жанды тірліктер бар.

– Айтқандай, Микола Михайлович, бәлки, бізден мұндай беделді халықаралық сыйлық алып отырған жалғыз адам шығар?..

– Иә. Осының өзі белорус тарапының көркем әдебиетті аудару саласында ең жоғары деңгейден көрініп отырғанына дәлел бола алады. Сондай-ақ белорустың әдебиеттану, тарихи-әдеби «Нёман» басылымында қазақтар туралы жазылып жатқанын еске түсіре кеткім келеді (олар «Нёман» журналы редакциясы мен қазақстандық белгілі әдебиеттанушы Светлана Ананьеваның, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымының шығармашылық әріптестігінен туындады). Бұдан бөлек, жақында ғана Минскіде Абайға, Мұхтар Әуезовке, Немат Келімбетовке, Минскіде белорус тілінде басылып шыққан Немат Келімбетовтің үш кітабына, Нұрдәулет Ақыштың бірден екі балалар мерзімді басылымында белорус тілінде жарық көрген балалар повесіне арналып «Созвучие» порталында өткен белорус-қазақ жазушыларының «дөңгелек үстелі» бар. Ал Немат Келімбетовтің кітаптарымен жұмыс тап осы «Звязда» баспа үйінде жүргізілгенін атап өткім келеді… Оның туындыларының бірінің үзіндісі «Полымя» журналында жарияланды.

Ал белорус-қазақ әдеби байланысын дамытудың келешегіне келсек, ұлы, көп қырлы Қазақстан туралы белорус кеңістігінде әңгіме етуге бағытталған екі арадағы жақсы істерді жалғастыра беруге болады… Әдебиеттегі достықты, демек, біздердің халықтарымыз арасындағы достықты нығайта беру үшін пандемия да, Беларусь пен Қазақстанның арасындағы мыңдаған шақырымдық қашықтық та, басқа ештеңе де кедергі бола алмайды.

Соңғы он жылдықтың көлемінде Беларусь пен Қазақстан арасында қалыптасқан осындай кейіптегі әдеби байланыстар – басқа елдер үшін өнегелі үлгі. Белорустар мен қазақтар достықтың қадірін біледі, демек, достаса да біледі. Жылдар ұзаған сайын бұл достықтың нығайып, бұдан да зор шығармашылық айналым алатынына үміттіміз. Ал қазір үлкен іске мұрындық болып, оқырмандарға керемет альманах сыйлаған ұйымдастырушыларға, Қазақстанның мемлекеттік және шығармашылық институттарына басымды иіп, тағзым етемін. Баршаңызға тағзым!

‒ Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Әңгімелескен Максим ВЕЯНИС

«Созвучие» порталы,

Бейсенбі, 19 қараша 2020 жыл

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button