Пашинян Иранмен арадағы темір жол туралы айтты
ТБИЛИСИ. 14 қараша. Армения премьер-министрі Армения мен Иран арасына салынатын темір жол жайында мәлімдеме жасады. Бұл туралы NewsTbilisi хабарлады.
«Пашинян бүгінгі үндеуінде Сюник облысының Мегри қаласы берілетіні жайлы мәліметтің «нағыз сандырақ» болып табылатынын айтып, әңгіменің өңірлік көлік коммуникациясы хақында болып отырғанымен түсіндірді. Үкімет басшысы бұл контексте Нахичевань автономиялық облысы [Әзербайжан эксклавы] арқылы Ереван мен Сюник арасын жалғастыратын жолды еске салып өтті», – делінген хабарламада.
«Әңгіме өңірдегі жолдарды, соның ішінде Әзербайжаннан Нахичеваньға баратын көлік жолын ашу турасында болып отыр. Алайда, бұл сондай-ақ Ереваннан Нахичевань арқылы Сюникке баратын көлік жолын да білдіреді, ал Иранмен арадағы теміржол қатынасы да қалыпқа келтіріледі. Мұның біздің еліміздің экономикалық дамуы үшін орасан зор мәні бар», – деді армян премьер-министрі.
Иран мен Арменияның арасын жалғастыратын темір жол салу жобасы хақындағы әңгімелер 2000-шы жылдардан бері жүріп келеді. Бұрынғы президент Серж Саргсян 2008 жылы бұл жобаны жүзеге асыру таяу жылдарда қолға алынатынын айтып еді, бірақ ол уәде жай сөз болып қалып қойды.
Ал 2018 жылы Армения көлік және коммуникация министрі Ашот Акопян Армения мен Иран арасындағы темір жол Үкіметтің таяудағы жоспарына кірмегенін айтқан болатын. Оның айтуынша, бұған жоба бюджетінің 3,5 млрд АҚШ долларын құрайтыны, мұндай соманың Арменияның жылдық бюджетінен де асып түсетіні кедергі болған.