АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Жанболатты жерлеу кезінде оған сыртта да дұға оқылды

АСТАНА. 14 қараша. Кеше Астана түбіндегі төбелесте қаза тапқан Жанболат Ағаділдің жаназасы кезінде оған сырттай дұға бағыштағандар көп болды. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.

Кеше күндіз Ақмола облысы «Талапкер» ауылында бірнеше күн бұрын болған төбелес кезінде қаза болған Жанболат Ағаділ ақтық сапарға шығарып салынды. Оның жерлеу рәсімі өтіп жатқан уақытта Қазақстанның бірқатар аймақтарында белсенділер марқұмға құран бағыштады. Олар Жанболат Ағаділдің өлімін ашық тергеуді талап етті.

«Шымкент пен Ақтөбеде полиция құран бағыштаған топқа ескерту жасап, тезірек таратуға тырысты. Шымкентте Бәйдібек би ескерткішінің жанына жиналған бір топ адам әуелі сапқа тұрып, Талапкерде Ағаділдің жаназасын шығарып жатқан жұртпен бірге екенін білдіріп, намаз оқыды. Марқұмның отбасына көңіл айтып, жағдай туралы пікірлерін жеткізді», – деп жазады портал.

«Әділетті талап еткен қаншама адам өліп жатыр. Міне, қаршадай бала қыршын кетті. Бүгінгі жүйе тұрғанда мұндай жағдай кез-келген адамның басына келуі мүмкін. Бір жылда бір отбасында екі қайғы, екі адам өліп тұр», – деді көзіне жас алған белсенді Нұржан Мұхаммедов.

Белсенді Молдабек Сәдібек түрлі жағдайда мерт болған белсенділер өлімі көбейгенін алға тартып, оларды қудалау да күшейгенін жеткізді. «Тоқаевтан белсенділерді саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды талап етеміз», – деді ол.

Сәлден соң полиция мен әкімдік өкілдері келіп жиналғандарға карантин талаптары бұзылып отырғанын айтып, тарауды сұрады.

Дәл осыған ұқсас шара Ақтөбе қаласында да өтті. Бірақ мұнда жергілікті полиция мен ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері белсенділер жиналмай тұрып-ақ ескерту жасап, таратуға тырысқан. Маска киген белгісіз бірнеше адам оқиғаны камераға түсіріп тұрған.

«Біз қазір ғана құран оқыдық. Енді бізге сол үшін айыппұл салатын шығар. Қандай мемлекетте тұрып жатырмыз?» – деді полиция әрекетіне назаланған тұрғындардың бірі.

«Біздің ізімізге түсіп, Конституцияда жазылған қозғалу еркіндігі құқығын бұзып тұрсыздар» деді белсенділердің бірі полицияға қарата.

Әкімдік өкілдері шараның заңсыз екенін, жергілікті атқару билігіне ескерту келмегенін айтып еді, белсенділер «ендеше ертерек кімді өлтіретіндеріңді айтып отырыңдар» деп ашуланды. Ақыры шара басталмай жатып «аяқталып», белсенділер тарап кетті.

Жанболат Ағаділді еске алу шарасы Семей, Қызылорда, Ақтау қалаларында да өткен. Семейде кейбір белсенділер облыстың коронавирусқа байланысты жабылғанын айтып, жаназаға бара алмай қалғанын жеткізген.

Қанды оқиға 11 қарашаға қараған түні Астана қаласының маңындағы «Көктал» шағын ауданында орын алған. Сонда азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, оқиға орнында жантәсілім еткен.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button