Күрдтер ауылына шабуыл жасағандар сот залынан босатылды
ТАРАЗ. 14 қазан. Кеше, 13 қараша күні Жамбыл облысы Талас аудандық соты осы аудандағы күрдтер тұратын «Қасқабұлақ» ауылына шабуыл жасады деп айыпталғандарға қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Судья Гүлмира Әлімқұлова айыпталушылар мен жәбірленушілердің келісімге келгенін айтты.
Биыл 11 тамызға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Жамбыл облысы Талас ауданындағы этникалық күрдтер тұратын «Қасқабұлақ» ауылында тәртіпсіздіктер болып, «ауылдағы үйлердің терезелері сындырылғаны, белгісіз біреулер шабуылдағаны» туралы хабар тарады. Тұрғындар түнде белгісіз адамдардың ауылға кіріп, тас лақтырып, үйлер бүлінгенін айтқан. Осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Айыпталушылар ретінде Талас ауданында тұратын 1990-1996 жылдары туған 10 адам ұсталды. Оқиға кезінде «Қасқабұлақ» ауылының 7 тұрғыны, терезесі шағылған мәдениет клубының директоры және Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері жәбірленуші деп танылған.
Қарашаның 13-інде өткен сот отырысы кезінде жәбірленушілер «айыпталушылардың толығымен материалдық шығынды өтегенін, кешірім сұрағанын, ешқандай шағымдары жоқ екенін және олардың жас екенін ескеріп, істі тоқтату туралы талап-тілектерін» жеткізді.
Айыпталушыларды қорғаған 6 адвокат та олардың «жас екенін, кейбірінің отбасылары бар екенін, бұрын сотты болмағанын, тергеу кезінде істі ашуға көмектескенін, істері үшін өкінетінін және екі жақтың келісімге келгенін» айтып, соттан істі тоқтатуды сұрады. Прокурор істі тоқтатуға қарсылық білдірмеді.
Айыпталушылар сот отырысының бірінде 10 тамызда WhatsApp желісі арқылы «күрд жігіттің қазақ қызын зорлағаны туралы» хабарлама келгенін, сол күні кешке «Қасқабұлақ» ауылына «мәселені анықтауға» барғанын айтқан. Олар сотта «ашуға беріліп, үйлерге тас лақтырып, терезелерін шақтық» деген.
1200-ге жуық тұрғыны бар «Қасқабұлақ» ауылы Талас ауданы орталығы – Қаратау кентінен 20 шақырым жерде, тау ортасындағы өзен жағасында орналасқан. Негізінен этникалық күрдтер тұратын ауылда әкімдік, орта мектеп, медициналық пункт, полиция учаскесі мен кітапхана жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар бау-бақша салып, мал бағып күн көреді.