Саратов облысында қазақтар мен күрдтер шайқасқа шықты
САРАТОВ. 25 қазан. Ресейдің Саратов облысында жергілікті қазақтар мен күрд диаспорасы арасында көп адам қатысқан төбелес болды. Бұл туралы «tsargrad.tv» хабарлады.
Оқиға облыстың Дергачёв ауданына қарасты Тимонино кентінде орын алған.
«Саратов облысының Дергачёв ауданында орналасқан Тимонино кентінде елеулі ұлт аралық қақтығыс бұрқ ете қалды. Полицейлер жауласушы тараптардың ортасына қабырға болып тұрып алды», – делінген хабарламада.
Мәліметке қарағанда, қолдарына бита, шынжыр, балға, бөтелке және таяқ ұстап алған әлденеше ондаған ер кісілер бір-бірімен жұдырық арқылы есеп айырыспаққа келген. Baza telegram-арнасының хабарлауынша, төбелеске екі жақтан 150 шамалас адам қатысқан.
Кадрларда жолдың бойынша жұрттың қаптап келіп жатқаны көрініп тұр. Олар бір-біріне қарай айғайлап жатыр. Олардың орталарында тұрған тәртіп сақшылары жауласушы жақтарды бір-бірлеріне жібермеуде. Шын мәнінде полицейлер екі оттың ортасында қалған. Ал тараптар екі жақта тұрып, бір-бірлеріне әртүрлі заттарды лақтырған.
Хабарламада жанжалдың әскерге кетушілерді шығарып салу кезінде басталғаны жазылған.
Еске сала кетейік, бүгінде 2,5 млн халық тұратын Саратов облысында қазақтар саны жағынан орыстардан кейінгі екінші көп ұлт болып саналады. Рас, орыстар барлық тұрғындардың 87 пайызын құраса, қазақтар 3 пайыздан сәл асады. Нақты айтқанда, облыста 80 мыңнан аса қандастарымыз тұрады. Олар өздерінен кейінгі татарлар мен украиндардан едәуір көп. Ал 19-орында тұрған күрдтердің саны 3 мыңға жетпейді.