Қазақтарды қорлаған Кирилл Божко 2 жылға сотталды
РУДНЫЙ. 7 қараша. Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны Кирилл Божко ұлтаралық араздықты тудырғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Tobolinfo.kz дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Рудный қаласының тұрғыны YouTube-арнасындағы тікелей эфир хабарында украин блогерінің сұрақтарына жауап бере отырып, қазақтарды қорлайтын біраз сөздер айтып тастаған. Ол өзінің қазақтарды менсінбейтінін, оларды адамға санамайтынын айта келіп, тұтас ұлтты маймылға теңеген.
«21 қыркүйекте YouTube-арнасында украин блогерлері бірінің Рудный қаласының 46 жастағы тұрғыны Кирилл Божкомен әңгімесінің видеосы пайда болады. Әңгіме барысында қазақстандық азамат заңға қайшы келетін бірнеше сөз айтып жіберді. Кейінірек полиция оны ұлтаралық араздықты тудырды деген күдікпен ұстады», – делінген хабарламада.
Келесі, 22 қыркүйек күні Божконың осының алдында айтқан сөздері үшін кешірім сұрап отырған видеосы тарады. Сонымен бірге, полицейлер оның үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Сол кезде күдіктіге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін екені айтылды.
Tobolinfo.kz сайтының хабарлауынша, 5 қараша күні Рудный қалалық сотында Божкоға қатысты үкім шығарылған. «Рудный қалалық сотының үкімімен Рудный қаласының тұрғыны Б. Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша сотталған. Сотталушының кінәсі видеожазба арқылы, сарапшының қорытындысымен дәлелденді. Сот барлық жағдайды еске ала отырып, оған 2 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза белгіледі», – деп дәйектеме келтіреді сайт соттың баспасөз қызметінің хабарламасынан.
Сотталушы үкімге сәйкес, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеле өтейді.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.