Қазақ елінде қазақты өз тілінде сөйлетпейтін Младенов деген кім?
ҚЫЗЫЛОРДА. 31 қазан. Кеше Қазақстан футбол чемпионаты премьер-лигасында «Қайсар» мен «Каспий» арасындағы матчтан кейін қызылордалықтардың штабында үлкен жанжал туып кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желідегі дерекке сүйенген rast.kz хабарлады.
Ойынның 1:0 есебімен ақтаулықтардың пайдасына шешілгені белгілі. Осымен қызылордалықтар биылғы маусымда аутсайдер болып келе жатқан каспийліктерден қатарынан екінші рет 0:1 есебімен ұтылып отыр. Бәлкім, мұның да әсері болған шығар, команданың киініп-шешінетін жерінде ұрыс-керіс, жаға ұстасу туып кеткен.
Болған оқиға жайында алдымен Kozhakhmet_inside телеграм-арнасы баяндап берді. Ондағы мәліметке қарағанда, кеше «Каспий» – «Қайсар» матчынан кейін жанжал шыққан. Көргендер қызылордалықтардың бас жаттықтырушысы Стойчо Младенов пен команданың бір ойыншысы арасында төбелес туып кете жаздағанын айтады. Жанжалға ненің дүмпу бергені белгісіз, бірақ куәгерлердің айтуларынша, шамасы, әлгі футболшының шешінетін жерде қазақ тілінде не команданың ойынына, не өзінің резервшілер сапында ұзақ отырып қалғанына наразылық білдіруі жаттықтырушыға ұнамай қалған сияқты.
Қысқартып айтқанда, Младенов қызба жігітке өзінің келіспеушілігін жеткізіп, біраз нәрсе айтып тастаған, соның ішінде көпшіліктің арасында бұдан былай қазақ тілінде сөйлемеуді талап еткен. Мұнысы ойыншыны одан бетер қоздырып жіберген. Ол сосын жаттықтырушыға: «Сен маған ойнауға мүмкіндік бермейсің. Енді келіп, ана тілімде сөйлетпейін деп отырсың ба?», – деп айқайлай жөнелген.
Тағы да куәгерлердің сөздеріне сүйенсек, мұның соңы жаға ұстасып, екеуі бір-бірімен төбелесіп кететіндей жағдайға дейін барған. Бірақ қасындағылар оларды ажыратып жіберген. Младенов осыдан кейін ойыншыға енді онымен жұмыс істемейтінін айтқан.
Міне, осы оқиғадан құлақтанған Нұржан Бай-Жігіт деген әлеуметтік желі пайдаланушы Facebook парақшасына пост жазып, оны облыс әкімі Гүлшара Әбіқалықоваға арнайды.
«Құрметті Гүлшара Әбдіқалықова ханым, – деп жазады команданың 24 жылдық өтілі бар жанкүйері. – «Қайсар» клубы облыс бюджетінен қаржыландырылып отырғандықтан және облыстың бірінші басшысы өзіңіз екенін ескеріп, командаға жұмыс беруші ретінде бұл бассыздыққа нүкте қойып, келімсек бапкерді жұмысынан қууыңызды сұраймын. Қашанғы келімсектер біздің қазақ балаларының бүйірінен теуіп қана қоймай (ұлттық құраманың ойыншылары Мақсат Байжанов, Дәуренбек Тәжімбетов, Елдос Ахметов, ұлты басқа болса да қазақ елінің намысын қорғап жүрген Хайруллин, Григоренко және т.б. ойыншыларды маусым кезінде командадан әртүрлі ойдан шығарған сылтаумен қуып, спорттық мансаптарына нұқсан келтірді), олардың намысына тие береді? Енді, міне, мемлекеттік тілде өзара сөйлесуге тыйым салып отыр. Намыс болса, бүгін-ертеңнен қалдырмай, клубтан кетіріп, елден аластату керек бұндай келімсекті!
PS. Футболсүйер қауым арасында бұл бапкердің «коммерсант» екені белгілі… бірақ біле тұра, соны кетіре алмайды.
PS2. Елге ақша қуып келген шетелдік ойыншылар мен бапкерлердің келісімшартына «қазақ тілін үйрену» және «қазақ тарихы мен мәдениетін білу» деген тармақ енгізу керек!».
Біздіңше жанкүйердің көтеріп отырған мәселесі орынды. Өзі үйрене қоймас, бірақ қазақ елінде қазақ оғланының қазақ тілінде сөйлеуіне тыйым салатындай Младенов деген кім сонша?! Расында мұндайларды табанда орындарына қойып отырмаса, төбеге шыққандарын қоймайды. Қызылорда футболын көркейту үшін емес, сонау Болгариядан «ұзын ақшаның» соңын қуып келген мұндай жаттықтырушылардың барынан жоғы жақсы. Бізге тілімізді қораш көретін, оны кемсітетін маманның керегі жоқ. Футболшыларымыз одан тәлім алмай-ақ қойсын.