АЛМАТЫ. 24 желтоқсан. Алматының Шымбұлақ шатқалындағы ресторан қызметкері қазақ тіліне қатысты жанжал тудырғаны үшін орнынан босатылды. Бұл туралы Adyrna.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto рестораны әкімшілігінің қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуы қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Қазақстандық азамат Threads желісінде мейрамхана қызметкерінің қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқанын айтып, видео жариялады. Бейнежазбада мекеме қызметкерінің мемлекеттік тілді мансұқ етіп, оны менсінбейтінін білдіргені анық көрініп тұр. Ол қазақша сөйлеуді талап еткен өтінішке дөрекі жауап беріп, қазақ тілін меңгеруге міндетті емес екенін мәлімдеген.
«Мен шамамен үш сағат уақытымды жоғалттым, ал туристерім суықта күтіп қалды. Оқиғаны растайтын видео және куәгер бар. Бұл жағдай еліміздің туристік беделі қалыптасатын аймақта болды. Мемлекеттік тілді қорлау – жеке пікір емес, мұндайға көз жұма қарауға болмайды», – деп жазды автор.
Ал ресторан әкімшісі Елена Threads желісінде өз нұсқасын жариялап, ер адам жала жауып отыр деп атап көрсетті. «Бұл жігіттің не жазып отырғанын көрдіңіздер ме? Өзін ақтап отыр, бірақ мені ұрғанын, қорқытқанын және әлеуметтік желіге саламын деп қоқан-лоққы жасағанын айтпайды. Менің ең жақын құрбым – қазақ, 20 жылдан бері доспыз. Сонымен қатар қазақ тілін аздап түсінемін әрі сөйлей аламын», – деді ол.
Оқиға Gusto кафесінің беделіне де зор әсер етті. Бір күннің ішінде 2GIS қосымшасында мекеме парақшасына қазақ тілін білмейтін қызметкерлерге қатысты шағымдар мен Еленаны жұмыстан шығаруды талап еткен 52 мыңнан астам пікір қалдырылған.
Осыдан кейін Gusto ресторанының әкімшілігі ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. «Тексеру нәтижесі бойынша сервис стандарттары мен корпоративтік коммуникация талаптарына сәйкес мейрамхана әкімшісінің қызметін тоқтату туралы басқарушылық шешім қабылданды. Аталған шешім тек ішкі шара болып табылады және оқиғаға қатысқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздемейді. Оқиғаға байланысты одан әрі қарау заңнамада белгіленген тәртіппен тараптардың өзара қатысуымен жүзеге асырылуда. Gusto мейрамханасы қонақтармен әрдайым сыйластық пен әдепті қарым-қатынас қағидаттарын ұстанады», – делінген хабарламада.
Бұдан әрі «қандай жағдай болмасын, дөрекі немесе орынсыз сөйлеу тәсіліне жол берілмейтіеі», мұның ресторан стандарттарына қайшы келетіні» айтылған.
Осыған байланысты әкімшілік ішкі регламенттерді күшейтіп, қызметкерлермен қосымша жұмыс жүргізуді қолға алғандарын баяндайды.
«Gusto мейрамханасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін құрметтейді және қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді. Орын алған жағдайдың қоғамда теріс пікір тудырғанына өкініш білдіреміз және көрсеткен түсіністік пен кері байланыс үшін қонақтарымызға алғыс айтамыз», – делінген хабарламада.
USD




