Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалға нүкте қойды

ҚАРАҒАНДЫ. 23 қаңтар. Қарағанды облысы спорт басқармасының бастығы Серік Сәпиев өзінің орынбасарымен болған жанжалға нүкте қойылғанын айтты. Бұл туралы Kazinform ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Олимпиада чемпионы, мемлекеттік қызметкер Серік Сәпиев әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқыланған орынбасарымен байланысты жағдайға қатысты ресми пікір білдірді. Ол бұл мәселенің толық қаралып, шешілгенін мәлімдеді.

Серік Сәпиев мемлекеттік қызметші ретінде әдеп нормаларын қатаң сақтайтынын және қандай да бір арандатушылыққа ермейтінін алға тартты.

«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан жағдайға байланысты жауап берейін деп шештім. Мен мемлекеттік қызметші ретінде өз міндетімді атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтаймын. Бала кезімнен бапкерлерім маған шаршы алаңнан тыс жерлерде күш қолдануға болмайтынын үйреткен. Әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін. Сондықтан қандай да бір арандатушылыққа ермеймін. Мәселе толық қаралып, жабық деп есептеледі», – деді Серік Сәпиев.

Осыған қарағанда, тараптар өзара келісімге келген сияқты.  Олимпиада чемпионы өз сөзінде күш қолдану спорт аренасымен шектелуі тиіс екенін, ал мемлекеттік қызметте сабыр мен жауапкершілік бірінші орында тұратынын жеткізді.

Оқиға 21 қаңтар күні облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында орын алған. Ашық ақпаратқа сәйкес, осы екеуінің бір-бірлерімен сөзге келіп, ол кейін төбелеске ұласқан. Салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары «Соққыға жығу» бабы бойынша қылмыстық істі тіркеген.

Аталған баптың санкциясы айыппұл салуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.

Айта кетейік, Серік Сәпиев – 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиялық ойындардың чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазіргі уақытта ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады.

Ал келесі кейіпкер – Даурен Есімханов басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарады. Ол самбо және жауынгерлік самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games күміс жүлдегері, сондай-ақ джиу-джитсудан әлем чемпионы ретінде танымал екен.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың қақтығысына қатысты түрлі болжамдар тараған болатын. Соның бірі және негізгісі бастығы орынбасарына келіп, «З@@@@л ты со своим казахским, говори уже на нормальном языке!» депті-міс дегенге саяды. Сонда ана жігіт: «Әй ит, қазақ тілі менің ана тілім. Яғни сен менің анамды боқтап тұрсың!» деп оны желкелеп, жұмыс бөлмесінен шығарып жіберген көрінеді. Егер осы  қауесет шындыққа жанасар болса, мұндай адамның мемлекеттік қызметкер болып отыруының өзі артық нәрсе.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button