Қызылордада «Жомарт жүрек» сыйлығы иелерін тапты
ҚЫЗЫЛОРДА. 31 қазан. Кеше Қызылорда облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Рәсімді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, «Рухани жаңғыру» орталығының қызметкерлері мен марапат иелері және БАҚ өкілдері қатысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын марапаттау рәсімі елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы лауреаттарды марапаттау рәсімі қиын-қыстау уақытта халыққа қызметте алдыңғы лекке табан тіреген шын жомарттарды марапаттауымен ерекшеленді.
«Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттау рәсімі қоғамдағы әлеуметтік маңызды істерге белсенді азаматтарды тарту, туған өлкенің дамуына өз үлесін қосатын бастамашыл, іскер жандарды халық арасында дәріптеу мақсатын көздейді. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және басқа да салалардағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруды жандандыруға бағыт ұстайды.
Биыл сыйлық лауреаттығы сайысына аудандық, қалалық кезеңде үздік деп танылған 38 үміткер қатысты. Олардың арасынан жеңімпаздарды анықтайтын облыстық комиссияның шешімімен 5 аталым иегерлері анықталды.
Қоғам белсенділері мен әртүрлі сала өкілдерінен құралған облыстық комиссия шешімімен аталмыш марапаттың «Жыл меценаты» номинациясымен «Жаңажол» ЖШС директоры Төлепов Орынбасар, «Туған өлке» номинациясымен «Сәт-Сервис» ЖШС директоры, белгілі құрылысшы Иманова Роза Сәдібекқызы, «Жыл тұлғасы» номинациясымен жеке кәсіпкер, «Мейірім» қайырымдылық клубының, «Дәстүр» қолөнершілер одағының төрайымы, Қызылорда іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Асанова Мархаббат Маратқызы «Ерен еріктілік» номинациясымен қоғам белсендісі, Сыр волонтеры Эшатова Динара Мамадиярқызы, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Ел-Арай» қоғамдық қоры марапатталды.
Марапат иелеріне облыс әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.