Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Шахназаров: Қарабақ Әзербайжан жері екенін мойындауымыз керек

МӘСКЕУ. 23 қазан. Ресейдің ұлты армян белгілі режиссері Карен Шахназаров Таулы Қарабақтың талассыз Әзербайжан жері екенін мойындауымыз керек деп мәлімдеді. Бұл туралы «Вестник Кавказа» хабарлады.

«Мосфильмнің» бас директоры, Ресей халық әртісі «Россия-1» телеарнасындағы «Владимир Соловьевпен бірге өткен кеш» бағдарламасында осылай ашығын айтты. Ол Таулы Қарабақтағы оқиғаның Арменияның қазіргі басшылығының билік басындағы дағдарыстан кейін ел халқының назарын аударып, өз беделдерін сақтап қалу үшін қолдан жасап алған қақтығысы екенін алға тартты. Режиссер сонымен бірге Арменияның қазіргі таңда шетелдерде айтарлықтай қолдауы жоқ екенін де атап өтті.

«Қарабақ үшін күресте армян басшылығы Арменияны қалай жоғалтпау керек екенін ойлануы керек. Бұл – өте күрделі жағдай, өкінішке орай, болып жатқанның бәрі армян басшылығының өте ойланбаған әрекеттерінің жемісі», – деді ол.

«Әзербайжанның территориялық проблемасын мойындау керек және армян халқының осы өңірде өмір сүруі мен оның мәдениетін дамыту қауіпсіздігіне кепілдік беретін мәртебені табу мүмкіндігін іздеу керек. Басқа жол жоқ», – деп мойындады Карен Шахназаров.

«Мосфильм» бас директоры Армениядағы қоғамды өздерін Израильмен теңестіріп қарайтын иллюзиядан аулақ болуға шақырды. «Израиль, біріншіден, анағұрлым қуатты, екіншіден, сырттағы еврей диаспорасы армяндардан анағұрлым күшті. Тіпті салыстыруға да келмейді. Сондай-ақ Израиль өзі қару шығарады және ол АҚШ үшін өте маңызды да шешуші рөл атқарады, іс жүзінде бүкіл Таяу Шығысқа әмірін жүргізіп отыр. Егер Таяу Шығыста Израиль болмаса, онда америкалықтар да бола алмайды», – деп түсіндірді режиссер.

Карен Шахназаров сондай-ақ Таулы Қарабақтағы жағдайдың посткеңестік кеңістікте орын алған бұдан басқа жанжалдармен салыстырып өтіп, мұның ерекшелігін атап шықты. «Абхазия, Оңтүстік Осетия, Донбасс Ресеймен шектесіп жатыр. Ал Қарабақ – Әзербайжанның ішінде, қақ ортасында, ол іс жүзінде ешқандай басқа мемлекеттермен, соның ішінде Армениямен де шектеспейді. Оның айналасын қоршап жатқандар да кіл әзербайжан ауылдары. Қаттырақ айтқанда, егер әзербайжандар сол айнадалағы жеті ауданды қайтарып алса, Қарабақтан не қалады?», – деген сауал тастады ол Әзербайжанды жаулап алуды жақтап тұрғандарға қарап.
Ресей қақтығысқа елеулі бір дәлелді себептерсіз араласа алмайды. «Ресейдің бұл мәселеге араласуының ешқандай заңды негізі жоқ. Иә, Ресей Арменияның мүддесін қорғауы керкк, бірақ ол қазір қандай негізде онда әлдекімдерді [әскерлерді] жібереді? Геноцид қаупі төніп тұр ма? Оны ешкім де мойындамайды. Әзербайжан президенті өте сенімді сөйлеп жүр, оның сөздерінен бір ілік таба алмайсың, ол армяндар мен әзербайжандар осы жерде бірге тұра беретінін, бұған Әзербайжанның кепілдік беретінін айтып отыр», – деп мәселеге басқа қырынан назар аударды режиссер.

Осыған байланысты Карен Шахназаров жұртшылықты жағдайға нақты қарауға шақырды.

«Армян Таулы Қарабағының тәуелсіздігін ешкім де мойындамайды. Мұндай мәселелер тек Бакыны күшпен басып алғанда ғана шешіледі. Бірақ сенде ондай күш жоқ, сондықтан ымыраға келудің жолын іздестір. Кекжие бермей, келісімге кел. Оны тек даулы территорияларды беріп шығып қана ала аласың. Ең бастысы – бұл территорияның талассыз Әзербайжан жері екенін мойындауымыз керек», – деген түйін түйді Шахназаров соңында.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button