Кремль енді Лукашенкомен әріптес болуға құлықсыз
МИНСК. 23 қазан. Мәскеу Минскіні конституциялық реформа жасауға көндіріп, оның нәтижесімен Беларусь билігінің транзиттік жолмен ауысуы мәселесін шешпекші болып жатыр. Бұл туралы Naviny.bu хабарлады.
Конституциялық реформа Александр Лукашенконың 22 қазанда Минскіге күтпеген жерден ұшып келген Ресейдің сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкинмен кездесуіндегі маңызды тақырыптардың бірі болған сияқты. Бұл, әлбетте, келген қонақтың саласы емес еді. Дегенмен…
Кездесуден кейін Нарышкин журналистерге: «Александр Григорьевич Лукашенконың конституциялық реформаны бастауы наразылық акцияларына, қоғам немесе қоғамның бір бөлігі республиканың қазіргі мемлекеттік билігіне қойып жүрген сұрақтарға беретін жауаптарының бірі болмақ», – деді.
Беларусь дағдарысы Ресейге де әсер етеді
«Егер спецификалық ведомствоның бас шенеунігі конституциялық реформа жүргізу керектігін еске сала келсе, онда бұл мұның Мәскеудің стратегиялық мақсаты екенін көрсетеді», – деді Naviny.by тілшісіне берген сұхбатында «Политическая сфера» саяси зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы Андрей Казакевич.
Ал «Стратегия» (Минск) аналитикалық орталығының сарапшысы Валерий Карбалевич порталға берген түсіндірмесінде «Нарышкинің бұл келісі кездейсоқ емес» екенін, оның «сапарының шегі арнайы қызметтегі әріптестерімен бірлескен отырыс өткізу» ғана болып табылатынын, бірақ бұл жолы «Путиннің сәлемін жеткізуге келгенін» атап өтті.
Карбалевичтің пікірінше, Кремль Лукашенконы конституциялық реформа жүргізуге итермелеп, «бүгінгі саяси дағдарысты Одақтық мемлекет тұрғысында шешуге қол жеткізуді» көздеп отыр. Өйткені, Мәскеу тұрғысынан қарағанда, Беларусьте орын алып жатқан оқиғалар Ресейге де, ол бастамашылық жасап жүрген интеграциялық бірлестікке де берілген соққы болып табылады.
«Ресей Беларусьтегі дағдарысты Лукашенко ойлағандай және қалағандай дөрекі күшпен шешу мүмкін емес деп есептейді, қоғамның алдында шегінуге тура келеді деп біледі. Қоғаммен диалог жүргізуде конституциялық реформаның, сондай-ақ мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізудің маңызы зор», – дейді сарапшы.
«Бірақ Лукашенконың бұлардың екеуін де орындағысы жоқ. Мұны аз десеңіз, ол тіпті осы жолғы мерзімін де ақырына дейін атқарғысы бар», – деп атап өтті ол.
«Лукашенконы ауыстыру мәселесі қарастырылуда»
Иә, Владимир Путин белорус одақтасын ол үшін сындарлы болған сәтте қорғап бақты, наразылықтың шыңына шыққан тамыз айында жанынан табылып, арқасынан қақты, дем берді, демеу жасады, бірақ қазір олардың арасына да айтарлықтай бір сызат түскені анық байқалады. Бұған ең алдымен Александр Лукашенконың наразылық толқынын тоқтату үшін халықпен мәмілеге келе алмай, керісінше оған от тастап отырған кежірлігі мен тоңмойындығы әсер етсе керек. Бұл тұста оның бұған дейін талай мәрте өзін саудаға салып, Ресей мен Батыстың арасында ойнағысы келген саяси сайқалдығынан туған бопсалау әрекеттері де ізсіз кете қоймайды. Шын мәнінде Беларусь экономикасын негізінен Мәскеудің көтеріп тұрғаны да, оның шығарған өнімдерінің (Батыс елдеріндегімен салыстырғанда, анағұрлым сапасыз болғанына қарамастан) 80 пайыздан астамын Ресей сатып алып келе жатқаны да айтылмай қалған жоқ.
Нарышкин Минскіде Лукашенкоға өзіне мұнда ұшары алдында Путин артып жіберген сәлемді жеткізгенде, осылардың бәрі де белорус лидерінің алдынан шықты. Кремльдің қожайыны «батьконың» жаны мұрнының ұшына келіп тұрған кездерде ант ішіп тұрып берген мың-сан уәделерінің бірде-бірін орындамағанын еске салса керек.
Кремль Лукашенкодан енді не күтіп отыр? «Менің ойымша, бұл – транзит мәселесі. Біріншіден, саяси жүйені өзгерту керек, оны қазіргіден гөрі орталықтандырылмаған және іс жүзінде демократиялық ету керек. Бұл билік функцияларын парламенттің, партиялардың пайдасына қарай қайта бөлу қажеттігін білдіреді. Оның арғы жағында жаңа сайлау тұр», – деді Казакевич.
Оның пікірінше, «кешенді тұрғыдан келгенде, бұл билікке Александр Лукашенконың орнына басқа біреуді әкелу көзделіп жатқанын білдіреді».
Казакевич сонымен бірге Кремль Беларусьтегі конституциялық реформаны Ресей үшін қолайсыз болып табылатын терең ішкі саяси дағдарысты шешудің бір құралы ретінде де қарастырады деп санайды.
Оның ат төбеліндей билеуші тобы осылардың бәрінің нәтижесінде көрші елде «жаңа лигитимді басшылық» пайда болғанын қалайды. Жағдайдың бұлай қалыптасуы шет елдің кемінде Мәскеумен қарым-қатынаста статус-кво мәселесіне ешқандай күдік болуына жол бермес еді.
Мәскеуге Беларусь инфрақұрылымына әсер ету маңызды
Сонымен, сарапшылардың пікірінше, Мәскеу Беларусь басшысын билік тұтқаларынан біртіндеп алыстатқысы келеді және бұл елдің екінші президенті, егер қуыршақ болмаса, онда адал тұлға болатындай етіп ұйымдастырғысы келеді.
Іс жүзінде қазір Лукашенкодан артық ресейшіл тұлғаны табу қиын. Биылғы 9 тамыздағы сайлаудан кейінгі қайнап жатқан қарсылық қозғалысы кезінде Ресей өз әскерлерін Беларуське кіргізуге дайын да еді. Бірақ Мәскеуге Лукашенконың шетелде де, өз елінде де лигитимділік үлесін айтарлықтай жоғалтып алғаны, яғни оның сайлауда шынымен жеңіп шыққанына сенімнің аз болуы бұған айтарлықтай кедергі келтірді. Сондықтан жұрттың бәрінің жүрегін айнытарлық тұлғаға айналып кеткен және наразылық қозғалысын басуға шамасы жетпей отырған билеушіні «бірлесе ботқа пісіруге» жарайтын жаңа персонажбен алмастыру барынша қисынды болып көрінер еді.
Алайда, мұны жасай салу оңай ма? Мәселе тырысып отырған Лукашенконың өзінде ғана емес. Мәселе жаңа президентті Лукашенконың дәуіріндегі барлық сайлаулардан анағұрлым бәсекеге қабілетті, демократиялық сипатта өтетін сайлауда таңдап алуда.
Ал белорустар қазір оянды, олар енді кім көрінгенге дауыс бере салмайды. Мұның үстіне, соңғы айларда Виктор Бабарикодан бастап Павел Латушкоға дейін болашақта президенттікке байсалды үміткер бола алатын мықты қайраткерлердің шоғыры айқын көрінді. Егер ресейлік капиталы бар банктің бұрынғы басшысы Бабарико Мәскеуді толық қанағаттандырса, онда Латушко оған нағыз қауіпті ұлтшыл болып көрінуі мүмкін. Шынында да, кімнің кейін қалай болып шығатыны әзірге белгісіз.
Қысқасы, Кремльге Беларусьтегі саяси өмірді Ресей басшыларының ыңғайына қарай бұру өзінің ықпал ету инфрақұрылымын нығайтудың уақыты келді.
Карбалевич осы ретте мұнда ресейшіл «Союз» партиясы жасақталып жатыр» дегенге назар аударады. Аналитиктің айтуынша, «қоғамның Ресейге мейлінше жеткілікті ымырашыл екенін ескеріп, парламентте жетекші орын алатын бұл партияның Ресей тарапынан материалдық, саяси және ақпараттық қолдау алып тұратынын ескерсек», Мәскеу, бәлкім, осы партияға үміт артатын да шығар.
Бұған қоса, идея бойынша, конституциялық реформаның нәтижесінде парламент пен үкіметтің рөлі президенттің уәкілдігі төмендеуімен бірге өсуге тиіс, деп атап көрсетеді сарапшы. Осылайша, Мәскеудің Беларусьтің саяси өміріне «өзіне ыңғайлы құрылымдар арқылы» жасайтын ықпалының сценариі айқындала түседі.
«Орыс әлемі» темірді қызған кезінде соғады
Рас, Беларусьте 2000 жылдан бері бірде-бір партия тіркелген емес. Әділет министрлігі оларды тіркемеудің, бір-біріне қарай ысырып, тепкілеп отырудың өзіндік тәсілін тауып алған.
Шамасы, Лукашенко мыңжылдықтар шегінде өзінің елі үшін 15 партия қалайда жетеді деп шешсе керек. Шіріген демократияны бұдан әрі дамыта беріп не керек? Бірақ қазір көкжиекте «Союз» көрініп қалды (бәлкім, бұл әлі бәрінің шешек атқан кезі шығар). Онда алда үлкен таңдау тұр.
Лукашенконың саяси түйсігі «орыс әлемін» институттандырудың өзіне зор қатер әкелетінін сезетін сияқты. Оның 2014 жылы «славяндар бірлігінің» белгілі жақтаушысы Сергей Костянның «Беларусский славянский комитет» атты партиясының жолын қатқыл түрде кесіп тастағаны бекер емес. Сол сияқты билік «Бесмертный полк» қоғамдық бірлестігін тіркеуден де үзілді-кесілді бас тартып еді. 2016 жылы Ресейдің «Регнум» агенттігінің белорус авторлары қамауға алынып, оларға ұлт аралық жікшілдік туғызды деген қатаң айып тағылды. Негізінен, бұлардың Мәскеуге қызмет ететіні оны қатты алаңдатты.
Жалпы алғанда, Александр Лукашенко Беларусьтің ресейшіл қоғамдық-саяси алаңы сегментін қашаннан «қара есекке» теріс мінгізіп қойып отырды. Қисын түсінікті: ол Мәскеумен қарым-қатынаста өзінің монополист болғанын қалады, бұл салада тек өзі ғана қожайын саналғанын жөн көрді, өзінен басқа біреудің ол жақпен тікелей байланысты жүруіне жол бергісі келмеді.
Бірақ Лукашенко қазір ол кездегідей ақырып тұратын жағдайда емес, ол барынша әлсіреген хәлде, ал Мәскеуге бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелді, осынау күллі әлемде оны одан басқа қорғайтын ешкім жоқ. Сондықтан енді ресейшіл партияны тіркемей, лақтыра салу – өте қатты тәуекелшіл қатерлі іс. Былайша айтқанда, Лукашенконың Кремльмен бұдан әрі қызметтестік ахуалын үзіп жіберетін жарылыстардың бірі сол. Мәскеуден келген чекистің сәлемінде батьконың Ресейге берген көптеген уәделері де бар. Енді солардың қайсысы бірінші болып жарылып кетер екен?