Қызылорда облысында бір департамент басшысы алмасты
ҚЫЗЫЛОРДА. 21 қазан. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұйрығымен Рафхат Бисенов агенттіктің Қызылорда облыстық департаментінің бастығы, әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы облыстық департамент баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Ол бұған дейін агенттіктің Ақтөбе облыстық департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Бисенов Рафхат Төлеуғалиұлы 1983 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы «Қурайлысай» ауылында туған. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» мамандығы, 2014 жылы Қазақ-Орыс халықаралық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі – 15 жылдан астам, оның ішінде мемлекеттік қызмет істері агенттігі саласында 9 жылға жуық қызмет етіп келеді.
Еңбек жолын 2003 жылы Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2005 жылы мемлекеттік қызмет саласына ауысып, Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы болған. 2006-2007 жылдары аталған бөлімде бас маман, 2007-2012 жылдары Ақтөбе қалалық әкімдігі аппаратында ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған.
2012-2014 жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облыстық департаментінің бас маманы, консультант-инспекторы, одан кейінгі жылдары департаментте бөлім басшысы, басқарма басшысы болған. Меритократия қағидатына сәйкес департаменттегі барлық қызмет сатысынан өткен Рафхат Бисенов 2016 жылдан бастап осы кезге дейін аталған департамент басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келген.